Kyzylorda-news.kz Әр мамандықтың өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Бірақ, соның ішінде өрт сөндіру қызметінің жауапкершілігі зор және арнайы зерттеулер мен сараптаулардың қорытындысымен қауіпті мамандықтардың қатарына қосылған. Рас, олар сын сағатта өзгенің амандығы үшін бастарын қатерге тігеді. Сондықтан тәулік бойы көз ілмей қоғамдағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл салада қызмет атқаратын қандай маман да құрметке лайық.
Ел алғысына бөленіп келе жатқан осындай жандардың бірі – Жалағаш аудандық өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы Гүлжайна Кеңесбаева. Гүлжайна Дәрменбайқызының бұл салада қызмет істеп келе жатқанына он бес жыл болыпты. Осы уақыттар ішінде Гүлжайна өрт сөндіру қызметінің қыр-сырына әбден қанықты және ол бүгінде өзінен кейінгі жас мамандарға кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маманға айналды. Өрт сөндіру қызметінің қиындығын және әрбір қызметкерден талап етілетін жауапкершіліктің ауыр екенін жоғарыда айтып өттім. Сондықтан бұл салаға нәзікжандылар аса көп келе бермейді. Нақтырақ айтсақ, қыз-келіншектер өрт сөндіру қызметінің тастай талабы мен қатал тәртібіне көндігіп кете алмайды. Айта кетейік, біздің бөлімде тек қызыл жалынмен арпалысатын өрт сөндірушілер құрамының жұмысы ғана ауыр емес, барлық қызметкерлердің де өзіне жүктелген жауапкершілігі, атқаруы тиіс және міндетті қызметі бар. Қыл аяғы мекемедегі техникалық қызметкерлердің өзі тәртіпке бағынады. Жұмысқа дәлме-дәл уақытымен келіп, дәлме-дәл уақытымен кетеді. Біздің бөлімнің қызметкерлері үшін уақыт аса бағалы. Кейде бірнеше секунттың өзі жағдайды өзгертіп жіберіп жатады. Мәселен, өрт шыққан орындарға дабыл түскен уақыттан бір минут кешігіп барсақ, көп нәрсені жоғалтуымыз мүмкін. Сондықтан бөлімде барлық жұмыс өзінің межелі уақтында атқарылуы тиіс. Біз ұстанатын қағида да осы! Кейіпкеріміздің күнделікті қызметі де осындай жауапкершілікті талап етеді. Ол өрт сөндіру бөлімінің ең жауапты жұмысын атқарады.
Кеңесбаева Гүлжайна Дәрменбайқызы мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында оқып, технолог мамандығын алып шығады. 2007 жылдан бастап аудандық өрт сөндіру бөлімінде абыроймен қызмет істеп келеді. Радиобайланысшының жұмысы оңай емес. Бір ауысымда тәулік бойы жұмыс істейтін Гүлжайна Кеңесбаева аудан орталығы мен елді мекендердегі өрт оқиғаларына қатысты шұғыл хабарламаларды қабылдап, олардың нақты мекен-жайын тіркеп, дабыл белгісін қосады. Дабыл көтерілгенде сақадай сай тұрған жеке құрам өрт шыққан жерге жедел аттандырылады. Әсіресе, көктем, күз айларында өрт оқиғалары көп орын алады. Жаз айларында дала өрті, ал, қыс айларында тұрғын үйлерден тұтанған өрттер көбейеді. Әрине, бұл жағдайлардың барлығы да адамдардың салғырттығынан, жауапсыздығынан орын алып жатады. Жылу пештерінің ақауы және бөлмелердегі электр желілері мен жабдықтарының ашық, қараусыз қалуының салдары бірнеше отбасын материалдық шығынға ұшыратып, тіпті кейде адам өліміне де душар қылады. Сондықтан жылдың төрт мезгілінде де радиобайлансышының алдындағы телефондардың тұтқасы босамайды. Бір қуанарлығы, арнайы техникалар мен сын сағатта әбжіл әрекет жасайтын өрт сөндірушілердің арқасында қызыл жалын ауыздықталып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамсыз етіледі. Бұл орайда Гүлжайнаның да еңбегі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, радиобайланысшының қызметі өте жауапты. Біріншіден, оған білім мен біліктілік, тәжірибе және жауапкершілік қажет. Сонымен бірге шұғыл түскен шақыруларды аптықпай, саспай саралап, байыптай алатын байсалды мінез керек. Өйткені, өрт сөндірушілердің жеке құрамы межелі жерге кешікпей уақытында жетуі – радиобайланысшының берген нақты мекен-жай координаттарына тікелей байланысты. Сол үшін телефон тұтқасында отырған қызметкердің жұмыс уақытында ойы сергек, қимылы батыл да, ширақ болуы тиіс. Ал, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің болмысына тән бұл қасиеттердің барлығы Гүлжайнаның бойынан табылады.
Мақаламыздың басында төтенше жағдайлар, соның ішінде өрт сөндіру қызметі физикалық, психологиялық тұрғыдан шынығып, әбден шыңдалған ер азаматтар ғана шыдап, төзетін тәртібі қатал сала екенін айттық. Ендеше, осы әскери тәртіпке негізделген қағидалар мен ережелерге бағынып, ер азаматтармен бірдей дәрежеде қызмет атқарып келе жатқан Гүлжайна Дәрменбайқызының атына қандай мақтау айтсақ та жарасады. Бұл жайында өзінің де айтары бар.
– Әрине, қыз балаларға, әсіресе, әйел адамға әскери салада, құқық қорғау орындарында немесе өрт сөндіру бөлімдерінде қызмет атқару оңай емес. Мейлі, соғыс нүктесінде болмаса да, қылмыстың бел ортасында жүрмесе де, қызыл жалын мен қою түтіннің ортасына кірмесе де, әйел затының сол салаларда қызмет етуінің өзі ерлік деп білемін. Өйткені, бұл аталған басқарма, бөлімдерде жұмыс істейтін азаматтардың функционалдық қызметтері әртүрлі болғанымен, мекеменің ішкі тәртібі ұжымның барлық мүшесіне ортақ. Жұмысқа деген жауапкершілік барлығынан бірдей талап етіледі. Оның үстіне өрт сөндіру бөліміндегі қызметкерлердің 97 пайызы ер азаматтар. Ал өңкей ер адамдардың ортасында бірлі-жарым қыз-келіншектердің қызмет етуі Еуропада қалыпты жағдай болып танылғанымен, қазақ қоғамы үшін әлі күнге ерсі көрінетіні рас. Алайда, сол мамандық өзіңнің жан қалауың болса және болмысың сол мамандыққа бейім болса, неге ер азаматтармен бірдей дәрежеде қызмет атқармасқа?! Бұл қызметтің нәзікжандылар үшін пайдасы болмаса, зияны жоқ. Адамның психологиясын түзеп, орнықты мінез-құлық қалыптастырады. Тарихтан белгілі, қазақ қыздары ерлермен тізе қосып жауға шауып, ерлік көрсетті, аналарамыз кешегі кеңес дәуірінде ауыр техникаларды тізгіндеді, белін шарт буынып, жүздеген шақырым жармалар қазды және сол ауыр жұмыстардың барлығын қол күшімен атқарды. Оның қасында біз бейбіт заманда қызмет етіп жатырмыз. Өрт сөндіру саласының тәртіп, ережелері әскери жүйенің негізінде жасалып, түзілген. Бұл салада қызмет еткендер қатаң тәртіп пен бұйрыққа бағынады. Кез-келген уақытта дабыл белгісі қосылса, уақытпен санаспай қызметіңе кете бересің. Мәселен, түн ортасында менің телефоныма дабыл қоңырауы түсіп, шақырту келсе, шырт ұйқымнан оянып, белгілі уақыттың ішінде өрт сөндіру бөлімінен табылуға тиіспін. Тәртіп солай! Ал, бұл әйел адам үшін ауыр ма, жеңіл ме?! Бұндайда жолдасым екеуміз бір салада қызмет еткеніміздің пайдасы тиді, бір-бірімізге түсіністікпен қараймыз. Мен қызметімді мақтан тұтамын. Егер маған тағы да мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, көп ойланбастан өрт сөндіру бөлімін таңдар едім…
Біздің әулетімізде құқық қорғау органдары мен өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері және әскери саланың өкілі бар. Күйеуім Құтыбасов Нұрболат та аудандық өрт сөндіру бөлімінде ұзақ жыл қызмет етіп, зейнет демалысына шықты. Қайын атам Құтыбасов Мұхтар аудандық ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. Қазірде зейнет демалысында. Ал, Құтыбас Гүлшат Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланында ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнет демалысына шықты. Егер біздің балаларымыз да ата-анасының жолын жалғап, өрт сөндіру бөлімінде қызмет істеуге ниетті болса, қуана рұқсат береміз. Өйткені, біздің отбасымыз үшін өрт сөндіру бөлімінің әрбір қызметкері құрметті және олардың қызмет барысындағы кәсіби шеберліктерінің, адам өмірін құтқару сәттеріндегі жауапкершіліктерінің нәтижесінде көрінетін көзсіз ерліктері ұрпаққа үлгі, жастарға берілетін патриоттық тәрбиенің өзегі, – дейді Гүлжайна Кеңесбаева.
Иә, расында, өрт сөндірушілердің ерліктері көп. Олар өрт болған сайын ажалмен бетпе-бет келеді. Жан-жағын жалмап бара жатқан тілсіз жаудың құрсауынан адамдарды аман алып шығу үшін жанталасады. Тағы да айтамыз, өрт сөндіру кезіндегі оң нәтижелердің барлығында да Гүлжайна Кеңесбаеваның үлесі бар. Сонымен бірге Гүлжайна өз қызметі шеңберінде белгіленген арнаулы уақытын өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатындағы тұрғындардың, аудандағы мекеме қызметкерлерінің арасында жүргізетін үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстарына арнайды.

