Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысының биылғы жылы Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшеріне өзгерістер енгізіледі. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу мәселесі қаралған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Гүлсім Денеева мәлімдеді.
«Балалы отбасылар үшін ең негізгі шара ретінде 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұзартылғанын айтуға болады. Ата-аналары балалардың ең маңызды сәби шағында жанында көбірек болады. Аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да арналған», — деді Гүлсім Жұмағалиқызы.
Айта кетейік, статистикаға сәйкес, биылғы жылы ай сайынғы күтім бойынша жәрдемақы бірінші балаға – 5,76 АЕК (17 643 теңге), екіншісіне – 6,81 АЕК (20 859), үшіншіге – 7,85 АЕК (24 044), төртінші және одан кейінгілер үшін – 8,9 АЕК (27 261).

