Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай азат елдің жетістіктерін насихаттайтын 12 тақырыптық бағыт бойынша 266 түрлі форматтағы іс-шараларды қамтитын облыстық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Жыл басынан бері 70 іс-шара өткізілді.
«Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына арналған іс-шаралар, республикалық айтыс, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына арналған жыраулар мен жыршылар байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Атақты күрішші, «Дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130, КСРО халық артисі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтарын атап өтеміз», – дейді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар аймақта ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихын зерттеуге ерекше назар аударылуда.
Осы жылдың мамыр айында ең ежелгі өркениет орталықтары болған қалалар – сақтардың астанасы Бәбіш мола, оғыздардың бас қаласы Жанкент, қыпшақтар мен Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеулер басталды.