Kyzylorda-news.kz. Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазыбек Ботаевты 63 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Өңір басшысы мерейтой иесіне аймақтың ақпарат саласына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.

“Құрметті Қазбек Камалұлы өзіңіз білім-біліктілігіңізбен, парасат-пайымыңызды, іскерлік қажыр-қайратыңызды орыс тіліндегі облыстық негізгі басылымның дамуына жұмсап келесіз. Әр жылдары сыр өңірінің бұқаралық ақпарат құралдарында радио, телеарналарда қызмет атқарып, аймақтың ақпарат саласының дамуына ерекше үлес қостыңыз. Өткен жылдан бастап облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарып келесіз. Сіздің ақпарат саласындағы еңбегі лайықты бағаланып, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алғысымен, Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен және әр түрлі дәрежедегі марапаттармен наградталдыңыз. Сізді өзімнің және облыс тұрғындары атынан тағы да мерейтойыңызбен құттықтай отырып, алғысымды білдіремін. Деніңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін”, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Шарада сөз алған облыстық «QYZYLORDA» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала замандас досы Қазыбек Ботаев Сыр өңірінің бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп, аймақ журналистикасының алға жылжуына зор үлес қосты дейді.

“Бүгінгі мерейтой иесі Қазыбек Камалұлы 25 жылдан астам БАҚ саласында қызмет етіп, облыстың ақпарат кеңістігінде өз орнын қалыптастырды. Білгенін жастарға үйретіп, қанашама жас журналистің тұлға болып танылуына ықпал етті. Қазыбек Ботаев радио, телевидение және газетте алдымен тілші болып қызмет жасап, кейін аға тілші, аға редактор, газет редакторы қызметіне дейін көтерілді. Қазақ және орыс тілдерінде жетік жазып, сауатты сөйлей алатын аз журналистердің бірі болды. Сондықтың бұл кісінің тәлімі мен тәжірибесін біз алдағы уақытта да кәдеге жаратып, жас мамандарды дайындауда қолданатын боламыз”, – деді Жағыппар Қарабала.

Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев басылым беделін көтеріп, оқырман қатарын арттыруда әріптесінің сіңірген еңбегінің өлшеусіз екендігін жеткізді. Өз кезегінде Қазбек Ботаев көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

Тағы да оқыңыз: