Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қорғау шаралары саласындағы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменова, облыс әкімінің мүгедектер істері жөніндегі кеңесшісі Нұрмұрат Ерманов, Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділдаев, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов, «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Алдашбаев және І топ мүгедегі, белсенді азаматтар Сағатбек Сиюов пен Александр Ульяновский қатысты. Сондай-ақ, тиісті салалық басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері ортақ мәселелерді талқылады.

Облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы орта құру, оларды әлеуметтік қолдау, жұмыспен және қажетті оңалту бағдарламалардың орындалу барысын саралап, жауапты сала басшыларының есебін тыңдады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі басқа да азаматтар үшін «есіктен есікке дейін қағидаты» бойынша кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету шараларын қабылдауға міндеттер қойды.Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер тиісті жұмыстарды атқарса да, бірақ әлі де реттелуі тиіс жұмыстар бар. Мәселен, Мен өзім қаладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес бірнеше нысандарды аралап көрдім, пандустардың өзі нормативтерге сәйкес келмейді», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы мүгедектігі бар жандарға арналған пандустардың орнатылуы көп жағдайда сын көтермейтінін алға тартты. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшіннысандарды қабылдауда үкіметтік емес ұйымдар мен ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қатыстыру керектігін тілге тиек етті.

Басқарма басшысы Гаухар Қалмақова мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту мәселелері және Үйлестіру кеңесі мәжілісінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы барысын баяндады.Сондай-ақ, өткен жылы әзірленген мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Жол картасының орындалу барысына тоқталды.

Отырыста Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев облыс орталығында кедергісіз орта қалыптастыру, мүгедектерді жұмыспен қамту шараларын тізбектеді. Қала әкімі 2021 жылға жоспарланған 34 нысан толығымен ұлттық стандарттарға сәйкестендірілгенін және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қаладағы мекемелердің жұмыскерлердің тізімдік санына қарай 2-ден 4 пайызға дейінгі мөлшерде квота бекітілгенін мәлімдеді. Сонымен бірге, өңірде қараша айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ten Qogam» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, өз ісін бастауда кәсіпкерлікке баулу, әлеуметтік дағдыларды үйрету шараларын іске асыру жоспарланған.

Жиын барысында басқарма басшылары мен аудан әкімдері облыс аумағында әлеуметтік маңызды нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігін бейімдеу жұмыстарын да баяндады.

Ортақ мәселелер талқыланған жиында Сағатбек Сиюов пен Александр Ульяновскиймүгедек жандардың қала ішіндегі әлеуметтік нысандарда жүріп тұру қозғалысы, пандустардың ыңғайлылығы, нысандарды пайдалануға беру ісіндегі комиссияға мүгедектігі бар адамдарды қосу мәселелерін көтерді.

Кеңес отырысын қорытындылаған аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды оңалту бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді және әлеуметтік қызметтер порталын қолдану бойынша мүгедектігі бар азаматтарғатүсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі басқа да азаматтар үшін қолданыстағы жәнежаңадан салынатын тұрғын үйлерді, қоғамдық ғимараттарды бейімдеу жұмыстарынжүргізу, қала және аудан әкімдеріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арнайы көлікпен қамту және жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдарды тұрақты жұмыс орнымен қамтылуына жағдай жасауды тапсырды.

Тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.

Айта кетейік, өткен айда аймақ басшысы белсенді жас Сағатбек Сиюовпен Қызылорда қаласының бірқатар нысанын аралап, олардың мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігін тексерген болатын. Облыс көлемінде 30 мыңнан астам ерекше күтімді қажет ететін адам бар болса, оларға қолайлы орта қалыптастыру мен тең мүмкіндік тудыру баста назарда болатынын айтқан еді.

Тағы да оқыңыз: