Kyzylorda-news.kz. Өткен аптада облыстың солтүстік аудандарын аралаған облыс әкімі Шиелідегі бірнеше елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Аймақ басшысы алдымен Еңбекші ауылында тұратын ақсақалдар мен шаруа иелерімен тілдесті. Тұрғындар елді мекенге газ тарту, канал арналарын тазарту мәселелеріне жете мән беруді сұрады. Сондай-ақ, бірқатар шаруа қожалығының иелері пай алу жолдары, жем-шөп жеткізу, егін егу ісіне қатысты өзекті деген проблемаларын жеткізді.
Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі газбен қамту көрсеткіші 67 пайызға жеткенін, бұған дейін аудандағы Керделі, Шеген Қодаманов, Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Байсың ауылдары табиғи газға қосылғанын тілге тиек етіп, кезең-кезеңімен өзге де ауылдарға баратынын айтты. Сондай-ақ, биыл Алғабас пен Ақмая ауылдарына газ жүргізу жұмыстары аяқталмақ.
Ал, көктемгі егіс кезеңінде су тапшылығы жағдайын ескере келе Шиелі ауданына 15 насос қондырғысы алынып, 32 ұңғыма қазу ісі жүргізілетінін жеткізді.
Әрі қарай аймақ басшысы Телікөл ауылдық округіне барып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпір тұсында ауыл тұрғындарымен тілдесіп, алаңдатқан сұрақтарына жауап берді. 1500-нан аса тұрғыны бар ауылда азаматтарды көпір құрылысы, жол сапасы, аяқ су мәселесі алаңдатады.
Елді мекен үстімен өтетін көпірге күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталып, жыл соңына дейін аяқталады. 2 жолақты жолдың ұзындығы 42 метрді құрайды.
Өңір басшысы жоғарыдан түсетін су деңгейіне байланысты егін жұмыстарын мерзімінде бастап, судың аз келуіне байланысты қарекетті қадамдарға бірлесіп көшу қажет екенін тілге тиек етті.
Айта кетейік, Үкімет резервінен барлығы 22 каналды тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алуды жоспарланып отыр.