Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың тұрақтандыру қоры мен баға мониторингі бойынша есебін тыңдады.

Статистикалық жедел ақпараттың 17 тамыздағы жағдайына сәйкес әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 110,9% құрап отыр. Жыл басынан әлеуметтік бар азық-түлік тауарларының 15 өніміне баға жоғарылап, 3 өнімге баға төмендеді, қалған 1 өнімге баға бірқалыпты.

Басқарма басшысының айтуынша, күнбағыс майы мен қант бағасының өсуі әлемдік нарықтағы сұраныс бағасының жоғарылауынан туындады. Ал, қарақұмық жармасының қымбаттауы негізгі өнім өндіруші солтүстік өңірлердегі өнімділік төмен болуынан, сондай-ақ көршілес Ресейде де өнім бітік шықпауы себеп болды. Ал, рожки бағасының өсуі бидай экспортының ұлғаю салдарынан, бидайға, ұнға бағаларының қымбаттауы себебімен байланысты. Сонымен қатар, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз бағаларының өсуі өңірдегі маусымаралық кезенде оңтүстік өнірлердің өнімдері жеткізіліп нарық бағасында сатылуы салдарынан қалыптасты. Талғат Дүйсебаев мұндай жағдай республиканың барлық аймағында орын алып отырғанын айтты.

Баға тұрақтылығын сақтау мақсатында Түркістан облысындағы картоп, қырыққбат, сәбіз өсіруші шаруашылықтардың байланыс ақпараттары әкімдіктер арқылы аудан мен қала кәсіпкерлеріне байланыс орнату үшін таратылды. Бүгінгі күнге жағдай қалпына келді. Нарықта картоп – 140-145 теңгеден, сәбіз – 180-185 теңге, пияз-130-135 теңге, қырыққабат-140-145 теңгеден сатылуда.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда.Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 190,4 млн. теңгені құрайтын 1069,2 тонна өнім көлемі, оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 99,0, қант – 235,4 тонна, макарон – 73,3 тонна, қарақұмық жармасы – 21,9 тонна, сүт – 23,1 тонна бар.

Бүгінде тұрақтандыру қорының өнімдері мен заем берілген 3 кәсіпкерлік субъектісі арқылы алынып жатқан өнімдер Қызылорда қаласында орналасқан 31 әлеуметтік дүкенде, 1 әлеуметтік маркетте және Қызылорда қаласының 5 ірі супермаркеттерінде («Мирас», «Аль-Асад» 8 филалында, «Ажар Сити» 2 филиал, «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет») келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылуда. Биыл қосымша 5 әлеуметтік дүкенді пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кету керек, әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан біршама төмен бағада сатылуда.Облыс тұрғындарын маусымаралық кезенінде тікелей ауыл шаруашылығы тауарөндіруші бағасында өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан қала және аудандарда 15 жәрмеңке ұйымдастырылған.

Жиында басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев өңірде азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия құру тапсырмасына сәйкес комиссия құрамын бекіту жобасын келісуге ұсынды.

Соңғы кезенде яғни тамыз айының 1-ші онкүндігінен бастап астық өндіруші өңірлерде бидай бағасы, ұн бағасының қымбаттауы фактілері байқалады. Бұл ретте облыс көлемінде наубайхана иелерімен кездесулер ұйымдастырылып, негізсіз баға көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова азық-түлік бағаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, негізсіз баға көтеруге жол бермеу керек екенін қатаң ескертті. Тұрақтандыру қоры жұмысын бақылауға алып, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының жеткілікті болуын бақылауға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: