Kyzylorda-news.kz. Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Жиында мемлекеттік рәміздердің насихатталуы және қолданылу жай-күйіне облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы және насихатталу барысы, Жаңақорған ауданында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыстық инспекциялық топтың 2021 жылдың 5-30 сәуір аралығында Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекемелерде Мемлекеттік рәміздердің стандарттарға сәйкес қолданылуы мен орналастырылуы бойынша жүргізген зерделеу жұмыстардың нәтижесін баяндады.

“2020 жылғы 20 тамызда өткен облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы және облыстық полиция департаментімен бірлескен ведомствоаралық облыстық инспекциялық топ құрылды. Инспекциялық топ 2021 жылдың 5-30 сәуіраралығында Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекемелерде Мемлекеттік рәміздердің стандарттарға сәйкес қолданылуы мен орналастырылуы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, барлығы 374 мемлекеттік мекемені қамтыды. Зерделеу барысында 35 мекемеде кемшіліктер анықталып, 13-і дер кезінде қалпына келтірілсе, 2 мекемеге әкімшілік хаттама толтырылды”, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова кейбір аудан әкімдіктері мен аумақтық департаменттердің аудандық бөлімшелерінде заңнама талаптары сақталмайтынын айтып, аудандар әкімдіктері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия тиісті деңгейде жұмыс істемей отырғанын тілге тиек етті.

“Рәміздерді қолдануда аудан әкімдіктері мен облыстық басқармаларға қарасты мекемелерде, аумақтық департаменттердің аудандық бөлімшелерінде заңнама талаптары сақталмайтыны айтылды. Биыл, Ел тарихындағы мерейлі дата, Тәулсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет ерекше болуы керек. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауды қалыптастыруда ең алдымен өздеріңіз үлгі болыңыздар. Алдағы уақытта заңнама талаптарын сақтамау фактілері тіркелетін болса, жеке жауапкершіліктеріңіз қаралатынын ескертемін”, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Мұнан соң комиссия отырысының күн тәртібіндегі келесі мәселе Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы және насихатталу барысы туралы аталған басқарманың басшысы Гаухар Қалмақова баяндады. Басқарма басшысы рәміздерді пайдалануы мен насихаттау бағытында арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, қазіргі таңда басқармаға қарасты мекемелерде кемшіліктер анықталмағанын жеткізді.

Ал, Жаңақорған ауданында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы жайын айтқан аудан әкімі Руслан Рүстемов инспекциялық топтың ауданда анықтаған кемшіліктерінің барлығы бүгінде жойылғандығын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін шаралар қатарында мемлекеттік рәміздер ұлықталатын болады деді.Отырыс соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік рәміздерді насихаттауда идеологиялық жұмыстарға аса мән беру керектігін жеткізді.

“Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз бүгінгі күннің баға жетпес байлығы» – деген болатын. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс. Осы ретте, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аясындағы іс-шаралардың мазмұны мен өткізілу форматтары жаңа бағыттарда болуы қажет. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын бейнелейтін ерекше құнды белгілерді құрметтеу, насихаттау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті”, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ аймақ басшысы облыстық басқарма басшылары, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аумақтық департамент басшыларына өздеріне қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің талапқа сай орналасуын тұрақты бақылауға алып, облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысына сәйкес кемшілік жіберген мекеменің жауапты тұлғаларының жауапкершілігін қарауды тапсырды. Облыстық инспекциялық топ анықтаған кемшіліктерді 1 ай ішінде ретке келтіріп, аудан әкімдіктері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның жұмысын күшейтуді жүктеді.

Тағы да оқыңыз: