Kyzylorda-news.kz. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осы кәсіби мерекеге орай Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өңірінің тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады.

Құрметті полиция органдарының ардагерлері, тәртіп сақшылары! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз –23 маусым – Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Нaзарбаевтың Жарлығымен 2007 жылы ресми түрде бекітiлді. Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Сондықтан, мемлекеттік биліктің қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылым – Ішкі істер органдарының алар орны ерекше болмақ. Сіздер тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде ел іргесінің сөгілмей, бүтіндігіміздің сақталуына барынша тынымсыз қызмет етіп келесіздер.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті полиция қызметі «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша реформалануда. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралардың әзірленуі үлкен жауаптылықты талап етеді.

Осы ретте, тәуелсіздігіміздің тұғырының нық, іргетасының берік болуына, елде қоғамдық келісім мен бірліктің, тыныштықтың нығаюына күресіп жүрген Сіздерге облыс әкімдігі тарапынан қажетті көңіл бөлініп, тиісінше көмек көрсетілуде. Соңғы жылдары ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасы нығайып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Полиция қызметкері болу, әрине, күрделі де жауапты жұмыс. Бұндай маңызды жұмысты алға апаруда сіздерден білім мен білік, жігерлі жүрек пен қажырлы күш-қайрат, сабырлық талап етіледі. Өйткені, халық сенімін ақтау – полиция қызметіне берілетін жоғары баға!

Пандемия індетімен күрес кезінде өзіне төнген қауіп-қатерге қарамастан, аянбай еңбек еткен ішкі істер органдарының барша қызметкеріне Сыр жұртшылығы атынан ризашылығымызды білдіреміз! Қызметтік міндетін адал атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алып, мемлекет тыныштығының сақталуына тынбай үлес қосып жүрген ел қорғандарының қатары көбейе берсін! Дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге абырой, отбастарыңызға амандық тілеймін. Ел бірлігіне сызат түспесін! Тәуелсіз еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Тағы да оқыңыз: