Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова геология күнімен құттықтады.

«Сәуірдің бірінші жексенбісі елімізде геология күні болып белгіленген.
Геология – бұл жай ғылым емес, ал, геолог – бұл жай мамандық иесі емес. Қойнауы қазынаға бай жерімізді, тау-тасымыз бен өзен-көлімізді зерттеп, іздестіру жұмыстарын жүргізуде геологтардың алар орны ерекше.

Бүгінгі таңда аймақтың мұнай-газ саласын дамытудың 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде. Онда Құмкөл тобының қазіргі кен орындарының перспективалы учаскелерін геологиялық зерттеу, жаңа ұңғымаларды игеру (2-2,5 мың метр тереңдіктегі 79 ұңғыма), өндірудің инновациялық әдістері және т.б. қаралатын болады.

Сонымен бірге, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарында республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу мұнай-газ алабын геологиялық зерттеу қарастырылған. Бассейнді зерттеуге былтыр республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, дала жұмыстары басталды.
Арал бассейнінің «Батыс» және «шығыс» учаскелерінде және Сырдария бассейндерінде сейсмикалық барлау жүргізу мақсатында ЖСҚ әзірленуде.

Сондай-ақ, 1:200 000 ауқымында Солтүстік-Батыс Қаратаудың Бөртескен-Ақжар кенді ауданында геологиялық-минералогиялық картаға түсіру жұмыстары жүргізіледі.

Осындай мақсатты жұмыстардың атқарылуы нәтижесінде Сыр елінің экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсарады деп күтеміз.

Тәуелсіз еліміздің жер қойнауының байлығын зерттеп қана қоймай, ел қазынасының еселенуіне, геологияның дамуына үлес қосып отырған геолог мамандарға, сала ардагерлеріне Сыр халқы атынан зор ризашылығымды білдіріп, еңбектеріне табыс, отбастарына бақ-береке, амандық тілеймін!».

Тағы да оқыңыз: