Kyzylorda-news.kz.  Жастарды қолдау мақсатында тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығында биыл Қызылорда облысынан «Журналистика номинациясы бойынша «Хабар 24» телеарнасының журналисі Рауан Мыңбаев пен «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша Қызылорда облыстық филармониясы КМК әртісі Күнсұлу Түрікпен лайық деп танылды. Осы орайда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жерлестерімізді құттықтады.

Құрметті Күнсұлу Түрікпенқызы! Құрметті Рауан Ерұзақұлы!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен 2020 жылғы “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына ие болуларыңызбен Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын!

Күнсұлуды байырғы Сыр сүлейлерінің ізіндей дәстүрлі өнерді дамытуға зор үлес қосып жүрген тума талант деп білемін.
Жастайынан көмейіне Сырдың сырлы мақамы ұялап, домбырасымен үндескен, дәстүрлі орындаушылық өнердің облыстық, республикалық, халықаралық фестивальдерінде лауреат атанып, «Мен қазақпын» ұлттық телевизиялық жобасының жеңімпазы болған Күнсұлудай дарынды өнерпазымыздың әлі де талай белестерді бағындырарына сенемін!

Рауанды тәуелсіз Қазақстан журналистикасында өз орнын қалыптастырып үлгірген, нақты да шынайы ақпаратпен көрерменнің көңілінен шыға білген жас журналист ретінде танимын.
Күрделі де қызығы мол тележурналистика саласы ақпаратты халыққа түсінікті етіп қана қоймай, жеделдете ұсынуды, кез келген жағдайда еңбек ете білуді талап етеді.
Темірдей талаптың үдесінен шығып, жан-жақтылығымен, ақпаратты жеткізудегі өзіндік ерекшелігімен, сөйлеу мәнерімен көпшіліктің алғаусыз алғысы мен құрметіне бөленіп жүрген Рауан алда әлі көптеген жетістіктерге жетеді деген ойдамын.

Сырдың дарынды қос перзентіне шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін!
Өнерлеріңіз өрге жүзе берсін!

Тағы да оқыңыз: