Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Каюповпен кездесіп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.
Аймақ басшысы мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдіріп, Биғали Әбдікерұлы елге парасаттылығымен, қадір-қасиетімен, іскерлігімен, абыройлы қызметімен, жайсаң мінезімен танымал тұлғаекенін атап өтті.
«Құрметті Биғали Әбдікерұлы, Сіздің еңбек жолыңыз, мол тәжірибеңіз, еңбекқорлығыңыз, ақыл-кеңесіңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат. Сыр елінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесіңіз үшін облыстыңқұрмет грамотасымен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы үздігі төсбелгісімен марапатталасыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, облыс әкімі Биғали Каюповқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының құттықтауын табыстады. Мерейтой иесін ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақ ССР бұрынғы балық шаруашылығының министрі Құдайберген Саржанов және облыстық мәслихатының депутаты Шәкизада Әбдікәрімов құттықтады. Кездесу соңында Биғали Әбдікерұлы әріптестеріне ізгі тілектері үшін ризашылығын білдіріп, елге қызмет етуді жалғастыра беретінін атап өтті. Сондай-ақ, мерейтой иесі Елбасының Арал ауданын әрқашан қолдап, қорғап жүретінін айтып, туған жерінің өркендеу жолына барын салатынын жеткізді.
Биғали Қаюпов 1951 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты. Қызылорда педагогика институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) филология факультетін, Алматы халық шаруашылық институтының жоспарлау-экономика факультетін, Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын 1968 – 1969 жылдары ауылдық мектепте мұғалім болып бастаған. Облыстық, республикалық комсомол комитеттерінде бөлім меңгерушісі, хатшы, Қазақстан Компартиясында нұсқаушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының көмекшісі қызметтерін атқарды. Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Арал аудандық партия комитетінің 1-хатшысы, аудандық Кеңестің төрағасы, Арал ауданының әкімі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болды. Қармақшы және Жалағаш аудандарының әкімі болып қызмет атқарды. 2016 жылдан бері Арал ұн зауытының директоры қызметінде.