Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына жұмыс сапарымен барды – Kyzylorda News
Басты бет

Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына жұмыс сапарымен барды

15.04.2021, 20:31

652 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына барып, ондағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы алдымен Арал қаласындағы темір жол үстінен салынатын аспалы көпірдің орына барды.

«Қазіргі таңда аудан бюджетінен бөлінген 9,8 млн. теңгеге көпірдің техникалық – экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Ұзындығы 83 метр болатын аспалы өткелдің жоба-сметалық құжаттамасын дайындауға 33 млн. теңге қаржы қажет», дейді аудан әкімі.

Бүгінде қаладағы көлік қатынасы бір ғана темір жол өткелі (переезд) арқылы жүргізілуде. Поезд жүрген уақытта өткел жабылып, 2-2,5 шақырымға дейін кептеліс орын алады. Әсіресе, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары сияқты кезек күттірмейтін қызметтермен қоса, тұрғындарға үлкен кедергі келтіруде. Өткел құрылысы салынған жағдайда осы аталған мәселелер шешімін таппақ.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы сапары «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының әкімшілік ғимаратында жалғасты. Табиғи қорық Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің № 973 шешімі бойынша 1939 жылы құрылған. Өткен 2020 жылдың тамыз айында Үкіметтің қаулысымен Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр сағасынан 2300 гектар жер қорық меншігіне беріліп, бүгінде жалпы аумағы 163 126 гектарды құрады. Қорықта қазір 57 адам қызмет атқарады.

Мұндағы өзекті өсімдіктер флорасына жататын өсімдіктің 325 түрі бар. Қорықта жылдың әр-түрлі мезгілінде 250 түр құстар кездеседі, оның ішінде 33 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Сондай-ақ, Кіші Аралда кездесетін 22 балық түрінің барлығы осында бар. Олардың 18-і кәсіптік, 4-і Қызыл кітапқа енгізілген.

Аймақ басшысы «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасының жұмысымен де танысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінің 140 маманы 15 360 тұрғынға қызмет етеді. Мұнда КВИ көрсеткіші күрт көбейген жағдайға қосымша жабдықталған 100 төсектік орын дайындалған. Емхананың 3 қабатында 2 егу бөлмесі, 2 егуге дейінгі зал, 2 егуден кейінгі зал және 2 дәрігер бөлмесі орналасқан.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова емхана дәрігерлеріне Covid-19 індетімен күресті барынша белсенді жүргізуді және тұрғындар арасында екпе жайындағы түсіндірме жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Өңір басшысы Арал ауданындағы индустриялық аймақты да аралады. Ондағы «QAZAQ CAMEL» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» зауытына барып, құрылысымен танысты. Аталған нысан – түйе сүтін өңдейтін еліміздегі алғашқы зауыт. Жоба құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Цехтың құрылысы толығымен аяқталған. Қазіргі таңда, құрылғыларды орнату жұмыстарын жүргізетін мамандардың келуі күтілуде. Зауыт ағымдағы жылдың қыркүйек айында толық іске қосылады деп жоспарланған. Жоба іске асқанда 23 адам жұмысқа қамтылады.

Мұнан соң сапар Арал қаласындағы жаңадан салынып жатқан № 71 мектеп-интернатының құрылыс орнында жалғасты. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылыс жұмыстарын сәуір айында бастады. Құрылыстың мерзімі 12 айға белгіленген. Аймақ басшысы мердігер мекемеге мектеп-интернет құрылысын уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Арал қаласында өткен жылы салынған 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Мердігер мекемелер «Арал-су-құрлысы» ЖШС мен «Наурыз құрылыс» ЖШС үйлердің құрылысын өткен жылдың мамыр айында бастап, сол жылдың қыркүйек айында толық аяқтаған.

Облыс әкімі «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңнен өңдеу және пластик қайық дайындау» цехының жұмысымен де танысты. Цех іске қосылғанда жылына 4 мың тонна балық өнімдерін дайындай алады. Дайындалған өнімді ішкі нарық пен ТМД елдеріне нарыққа жөнелтпек. Өнеркәсіп 50 адам тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

Аймақ басшысы осы сапарында Сексеуіл кентіне де барды. Кентте осы жылдың ақпан айында құрылыс жұмыстары аяқталған 300 орындық мектептің жұмысымен көрді. Мердігер мекеме мектеп құрылысын 2020 жылдың мамыр айында бастап, уақытында аяқтады.
Одан әрі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның теміржолшыларға арнап салып жатқан 38 екі пәтерлі тұрғын үйлерге барды. Бас мердігер «Базис СК» ЖШС тұрғын үйлердің құрылысын 2014 жылы бастаған. Қазіргі уақытта 8 үй пайдалануға берілсе, қалған 30 үйдің құрылысы аяқсыз қалған. Өңір басшысы аталған мәселенің шешу жолдарын талқылады.

Облыс әкімі бастаған делегация Жақсықылыш кентіндегі «АралТұз» АҚ-на барды. Қазір мұнда Ас тұзы және техникалық тұз өндіру жобасы іске асырылуда. Индустрияландыру бағдарламасы аясында компания ас тұзы және техникалық тұз өндіретін екі испан цехын іске қосты. Зауытты қайта құру еңбек өнімділігін екі есе арттыруға және 1200-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өндіру және өткізу көлемі үш еседен асты, ал экспорттық өнімнің үлесі 75%-ға жетті. 2020 жылы құны 8,8 млрд.теңгені құрайтын 480,2 мың тоннаның өнімі өндірілді. 2020 жылы құны 6,7 млрд.теңгені құрайтын 317,5 мың тонна өнім экспортталды. Бүгінде үшінші Испан цехының құрылысы жүруде. Ол жылына 120 мың тонна тұз өндіруге қабілетті.

Сондай-ақ аймақ басшысы зауыттың перспективалық жоспарларымен де танысты. Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысына жобаның іске асырылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Инвесторға барынша қолайлы жағдай жасап, зауыттың дер кезінде іске қосылуына атсалысу қажет екендігін жеткізді.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Арал ауданындағы жұмыс сапары Сапақ елді мекені мен Аралқұм ауылдық округінде қорытындыланды. Облыс әкімі бұл ауылдарда ауыл ардагерлерімен және тұрғындармен кездесіп, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Сондай-ақ тұрғындарға пандемия жағдайында сақтану шаралары туралы айтып, екпе жұмыстарының індетті жеңуде үлкен көмек боларын сөз етті.

0

Пікір қалдыру