Kyzylorda-news.kz. Кез-келген қоғам үшін ең маңызды болып табылатын, адам денсаулығы мен оның белсенді өміріне адал қызмет ететін ең игі, мейірімді, ардақты мамандық-дәрігер мамандығы екені баршаға аян.

Еліне адал қызмет етіп, халық денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген абзал жандардың бірі №3 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Гүлнұр Ілиясова. Ол Жаңақорған ауданында туып өскен. 2005 жылы аудандағы №3 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейді «Алтын белгімен» бітірген. Алдына дәрігер боламын деп мақсат қойған жалынды жас сол жылы Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университетінің «медико-профилактикалық ісі» факультетіне грантпен оқуға түседі. 2007-2008 оқу жылында «Астана Медицина Университеті» АҚ-ның “медико-профилактикалық ісі” факультетінің 3-курсына ауысады. 2011 жылы аталған оқу орнын «дәрігер-эпидемиолог, гигиенист» мамандығы бойынша тәмәмдап, үздік диплом иегері атанады.

Гүлнұр Ерғалиқызы диполмды қолға алысымен, елге келіп еңбекке араласып кетті. 2013 жылдың 1-ші шілдесінен бастап №3 қалалық емханаға дәрігер-эпидемиолог ретінде жұмысқа қабылданады. Міне, ол сол уақыттан бері емханада абыройлы қызмет етіп келеді. Қауіпті індетпен күресте дәрігер аянып қалмады. Өміріне қауіп төнсе де, жұмысына жауапкершілікпен қарады. Уақытпен санаспай сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді.

“COVID-19 індетінің алдын алу және күрес шараларына орай дәрігер-эпидемиологтардың алғы шепте еңбек етіп жатқаны белгілі. Еліміздегі жағдайға байланысты олар жұқпаның эпидемиологиялық ошағында қызмет жасауда. Бұл мамандар індеттің бәсеңдеуіне қолдарынан келгенше әрекет етіп жатыр. Мен мамандығыма жан дүниеммен берілген адаммын. Мен үшін халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесімді қосудан асқан бақыт жоқ. Дәрігерге атақ, марапат емес, елдің амандығы қажет”, – дейді дәрігер.

Тағы да оқыңыз: