Kyzylorda-news.kz. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына эксклюзивті сұхбат берді. Президент тәжірибелі журналист Жайна Сламбектің тарапынан қойылған нық сауалдарға нақты жауаптарын ұсынды.
Қазақстандық қоғамның көкейінде қаңтар оқиғасына қатысты мәселелер көп. Оларды шешу, халықтың әл-ауқатын арттырудағы жүйелі жоспарларын ортаға салған Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру бағытындағы байыпты қадамдарын да жариялады. Қаңтар оқиғасы баршамызға үлкен сабақ болғанын ескере келе, әрбір тергеу ісінің әділ жүргізілуін бақылауынан түспейтінін атап өтті.
Заңның үстемдігін – қоғамдағы ең өзекті мәселе ретінде атап өткен Президент қазақстандықтарды еңбекқорлық пен біліктілік идеологиясын көтеру қажеттігін де жеткізді. Сонымен қатар, «Менің ұстанымым – қоғамда заң мен тәртіп болса ғана ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек» деген ойын қадап айтты.
Мемлекеттік тілде жүргізілген сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан шет елдерге заңсыз шығарылған қаражаттарды қайтару туралы Үкіметке берген тапсырмаларын тілге тиек етті. Нақты ұсыныстар пысықталып, екі айдан кейін бұл мәселе төңірегіндегі нақты жұмыстардың басталатынын хабарлады. Сондай-ақ, наурыз айының ортасында жаңа Жолдауын, жаңа реформалар туралы үндеуін жариялайтынын жеткізді.
Президентіміз атап өткендей ел бірлігі арқылы егемендігімізді сақтау әрбір қазақстандықтың міндеті екенін, әрбір қадамды сараптап жасау қажеттігін естен шығармауымыз қажет. Бастысы елжанды көшбасшымызға қолдау көрсетсек, көп ұзамай «Жаңа Қазақстанның» жарқын болашағын бірге көреміз деп ойлаймын.
Гүлнар Есқалиева,
Облыстық мәслихаттағы “Nur Otan” партиясы депутаттық фракциясының мүшесі
