Kyzylorda-news.kz. **Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялады. Жолдауда ел күткен жағымды жаңалықтар көп болды, дейді *облыстық*** *кәсіподақ комитетінің төрағасы*, *облыстық мәслихат депутаты Гүлнәр Есқалиева.*
Сөз басын әділеттік орнату жөніндегі ойын ортаға салған Президент қоғамның түрлі салаларын ілгерілету турасында нақты басымдықтарды атап өтті.
Білім және әлеуметік мәселелерге қатысты тоқталар болсам, балабақшалардың жетіспеуі, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебелері, жалақыларының аздығы ел Президентін толғандырған сұрақ ретінде көпшіліктің назарын аударды. Аталған мәселелерді түпкілікті шешу қажеттігі айтылды. Бұған қоса, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынғаны сөз етіліп, 2025 жылға қарай 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатыны сөз болды. Мектеп салу – Үкімет пен әкімдердің басты міндеті болуы тиіс деп атап өткен Президент «Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн» деген ойын ортаға салды. Мұның өзі білім мен тәрбие саласындағы әріптестерім үшін жағымды жаңалық деп білемін.
Жоғары білім саласындағы реформаларды да жаңғырту керектігі айтылып, мемлекеттің ҰБТ нәтижесіне және өзге де көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отырғанын және оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болатынын, сондай-ақ, қажет болған жағдайда жастарға білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де берілетінін тілге тиек етті. Студенттер жатақханаларында да жетіспеушілігіне алаңдаған Мемлекет басшысы студенттердің пәтер жалдауға кететін шығындарын субсидиялауға да болатынын, жоғары оқу орындары жанынан эндаумент-қорлар ашу қажеттігін де ортаға салды. Бұл бастамаларды мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмай, ақылы негізде оқуға мәжбүр болған жастар үшін жасалып жатқан нақты қадамдар деп түсінуіміз керек. 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер ететін ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мыңға көтеру де биылғы жолдаудың жағымды жаңалығы.
Бұдан өзге, алдағы күндердің еншісіндегі әйелдер үшін зейнет жасындағы өзгерістер, бала күтімі үшін төлемақы мерзімінің ұзартылуы, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылуы ел күткен жаңалықтар екенін жасырын емес.
Мемлекет басшысы жолдауының соңы биылғы күзде Президент сайлауынан өтетінімен қорытындыланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді және қайта сайлануға тиым салынуы қажет деген ел күтпеген ұсынысын жариялады. Сонымен қатар 2023 жылы Президент сайлауы, 2024 жылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі Мәслихаттардың сайлауы өтетінін жеткізді.

