Kyzylorda-news.kz Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында Гүлмира Сатыбалды мен оның жүргізушісі Мәди Батыршаевқа үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкім

Сот Гүлмира Сатыбалдыны заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі мөлшерде бопсалағаны, өзінше билік еткені үшін кінәлі деп тапты. Ол 12 жылға сотталды.

Кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жүргізуші 9 жылға сотталды.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша сот жарыссөзі жалғасуы тиіс еді, алайда ол “аллергиям қозды” деп ауырып қалды, сондықтан отырысты кейінге қалдыруды сұрады. Оның адвокаты сотталушының бүйрегі ауыратынын айтқан еді.

Гүлмира Сатыбалды деген кім

52 жастағы Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Мамандығы – мұғалім. Екеуінің ортақ үш баласы бар (ұлы Бауыржан және екі қызы: Аружан мен Дария).

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыны қамауға алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Гүлмира Сатыбалды бизнесті рейдерлік басып алды деген күдікпен ұсталды. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында ол Қазақстаннан қашуға тырысқан.

Кейінірек ведомство іс рейдерліктен басқа, Шымкент Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 741 млн бюджет қаражатын ұрлау бойынша өтіп жатқанын айтты. Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеген.

Тағы да оқыңыз: