**Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда бүкіл әлем білім беру ісін қашықтықтан өткізіп жатыр. Оған әлемдегі төтенше жағдай әсерін тигізіп отырғандығын көпшілік жақсы біледі. Әлем көшінен қалмай Қазақстан мұндай білім беруді ертеректе-ақ бастап кеткен.
Мысалы, «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру негізгі міндеттердің бірі болып көрсетілген. Осыған орай, республикада қашықтықтан білім берудің өзіндік тәжірибесі қалыптасқан.
**

Республикадағы әрбір жоғары оқу орнында қазіргі білім беру жүйесінде цифрлық инфрақұрылым ерекше орын алып отыр. Тіпті жоғары оқу орнындағы қашықтықтан оқыту оның ажырамас бөлігі деуге де болады. Бүгінде көптеген қазақстандық білім беру ұйымдары интернет жылдамдығының төмендігіне, цифрлық инфрақұрылымның жетіспеуіне немесе сәйкес келмеуіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Мұндай техникалық қиындықтарды ҚР БҒМ тарапынан да мойындалып отыр. Ағымдағы жағдайға мониторинг пен талдау жүргізген министрлік мектепке дейінгі ұйымдардың 60 %-ы, мектептердің 10 %-ы және колледждердің 18 %-ы әлі күнге дейін жылдамдығы 4 Мбит/с кем интернет желісіне қосылғандығын мәлімдейді. ҚР БҒМ 2018 жылы мектептердің оқу процесінде 305 мың компьютер пайдаланылды, оның 30,3 %-ы ауыстырылуға жатады деп көрсетеді. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қажет екендігі жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарламада да анық көрсетілген. Әлбетте бұлардың барлығы уақыт өте келе жолға қойылатындағы анық.

Кейбір университеттердің озық тәжірибесін де көпшілік білуі тиіс. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып студенттерге, магистранттарға және докторанттарға арнап «Универ» жүйесін іске қосқан. Бүгінгі күні ол өз міндеттерін оңынан орындап жатыр. Алайда ғаламтордағы жүктемелер әсерінен азды-кемді қиындықтардың туындауына байланысты оған альтернатива ретінде университет басшылығы тарапынан «Zoom», «Microsoft teams», «Cisco Webex», т.б. бағдарламалық жүйелері де ұсынылуда. Университет профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер өзара келісіп, белгілі бір тиімді жүйені таңдайды. Мұндай таңдау еркіндігі білім алушылар мен білім ұсынушылар тараптарының мүмкіндігіне байланысты екендігі белгілі.

Қалай болғанда да бүгінгі күні қашықтықтан оқыту жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Сынға алып, оны мінеп жатқандар да, қолдаушылар да жеткілікті. Рас, біз кемшін тұстарымызды білдік, қай бағытта жүру керек екендігін аңғардық. Дегенмен болашақта қашықтықтан оқытудың да қажет екендігі байқалып жатыр. Ол заманның талабынан туындауда. Бұл жүйені әлі де жетілдіре түскен жөн. Оған тек ақпараттық жүйелер мамандары ғана емес, педагоготар да, әдіскер-ұстаздар да ат салысқаны дұрыс. Мұндай оқу жүйесі ең алдымен білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытуды қажет етеді. Сол себепті алдымен осы асқаралы асуды бағындырып, озық тәжірбиелерді отандық білім жүйесіне енгізген абзал.

Гүлмира САБДЕНОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Тағы да оқыңыз: