Kyzylorda-news.kz Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында 2025 жылы госпиталды фармация бөлімі іске қосылып, дәрілік қамтамасыз ету жүйесі жаңа деңгейге көтерілді. Бұл бастама емдеу сапасын арттырып, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласындағы әрбір жаңашылдықтың басты мақсаты – халыққа сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсету. Осы бағытта Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – госпиталды фармация бөлімінің ашылуы.

Бүгінде медицина тек білікті дәрігерлер мен заманауи құрал-жабдықтарға ғана сүйенбейді. Емнің нәтижелі болуы дәрілік заттардың дұрыс сақталуына, дәл мөлшерде дайындалуына және науқасқа уақытылы жеткізілуіне де тікелей байланысты. Сондықтан госпиталды фармация бөлімінің іске қосылуы аурухана қызметіндегі маңызды әрі стратегиялық қадам болып табылады.
Дәрілік қамтамасыз етудің жаңа жүйесі
Жаңа бөлімді тәжірибелі маман Қаламқас Кенжеболатова басқарады. Клиникалық дәрігер-фармаколог Мадина Амангелдіқызы, аға мейіргер Мадина Мансурова, кезекші мейіргерлер Ұлжан Еспанова мен Гүлжайна Ермекбаева және өзге де мамандар бөлімнің тиімді жұмыс істеуіне атсалысып келеді.
Госпиталды фармацияның басты артықшылығы – дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің толық орталықтандырылуы. Бұрын әр бөлімше дәрі-дәрмек қорын өз бетінше реттесе, бүгінде барлық үдеріс бір орталық арқылы жүзеге асырылады. Бұл дәрілік заттардың қозғалысын нақты бақылауға, есепті жүйелеуге және ықтимал қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Науқас қауіпсіздігі – басты назарда
Бөлімде дәрілік заттарды қабылдау, сақтау, сұрыптау және бөлімшелерге жеткізу жұмыстары қатаң бақылауда жүргізіледі. Әсіресе әр науқасқа жеке дайындалатын дәрілік пакеттер қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес рәсімделеді. Дәрінің атауы, мөлшері, қабылдау уақыты және науқас туралы мәліметтер нақты көрсетіліп, медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Стерильді аймақтағы жұмыстар ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ламинарлы шафта дайындалатын дәрілік ерітінділер бірнеше сатылы тексеруден өтеді. Әрбір ампула мен флакон мұқият қаралып, асептика талаптары қатаң сақталады. Нәтижесінде науқастарға жеткізілетін дәрілік заттардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі.
Медициналық қызмет сапасын арттыруға үлес
Жаңа жүйенің тағы бір маңызды артықшылығы – медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуі. Бұрын дәрі-дәрмекпен байланысты ұйымдастыру жұмыстарына көп уақыт жұмсайтын мейіргерлер енді негізгі міндеттері – науқастарға күтім жасау мен емдеу сапасын арттыруға көбірек көңіл бөле алады.
Қазіргі уақытта госпиталды фармация бөлімінің қызметі терапия, хирургия, педиатрия, перзентхана, инсульт және оңалту бөлімдерін қамтып отыр. Алдағы уақытта жансақтау, қабылдау және жұқпалы аурулар бөлімдерін де толық қамту жоспарланған.

213 төсек-орынға арналған ауруханада дәрілік қамтамасыз етуді тиімді ұйымдастыру аса маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Оның ішінде 30 төсек жұқпалы аурулар бөліміне тиесілі. Жуырда пайдалануға берілген жаңа инфекциялық бөлімше бұл бағыттағы жұмыстардың сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Тиімділік пен үнемділік
Мамандардың айтуынша, госпиталды фармация дәрі-дәрмек қорын ұтымды жоспарлауға жол ашады. Соның нәтижесінде артық шығындар азайып, қажетті препараттардың үздіксіз жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және науқастарды сапалы дәрілік қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында жүзеге асқан бұл жоба – өңірлік денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды жаңашылдықтардың бірі. Ең бастысы, мұндай өзгерістердің барлығы тұрғындардың денсаулығын қорғауға, емдеу сапасын арттыруға және қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Өйткені адам денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Ал қауіпсіз әрі сапалы ем – сол құндылықты сақтаудың сенімді кепілі.
Мақсұт Ибрашев
