Kyzylorda-news.kz 2025 жылдың 10 маусымында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының жанындағы ғылыми кеңестің ІІ мәжілісі өтті.

Кеңестің алғысөзін ашқан Орталық директоры – Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары М.Дәулетбаева кеңес мүшелерін күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды.

Бүгінгі ғылыми кеңестің ең басты жаңалығы – Орталықтың орыс тілі оқытушыларының бірлескен авторлығымен «Русский язык в деловой сфере» В1 деңгейіне арналған оқу құралының жарыққа шығуы. Оқу құралының тұсаукесер рәсімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Ғылыми кеңес төрағасы Алдажар Әбілов жасап, жаңа оқу құралының қолданбалы маңызы, тілдің іскерлік қарым-қатынасты меңгертудегі рөлі мен практикалық бағытын түсіндірді.

Орталық директорының орынбасары, кеңес мүшесі Жаныгүл Ерекешова 2025 жылы республикалық сараптамалық комиссияға ұсынылған «Қазақтілді кәсіпкер» С1 деңгейіне арналған оқу құралының хабаршы нұсқасына енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Аталмыш оқу құралының мазмұны бойынша кеңес мүшелері ұсыныстарын жеткізіп, оның құрылымына, тақырыптық жүйеленуіне және практикалық маңыздылығына байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Одан кейін А.Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2025» облыстық байқауында көрсетілген сабақтардың жоба нұсқасын таныстырды. Кеңес мүшелері жинақтың құрылымы мен әдістемелік тиімділігіне қатысты ұсыныстарын білдірді.

Ғылыми кеңес аясында филология ғылымының докторы, профессор Шора Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ғалымның ғылыми мұрасы туралы ғылыми мақаланың жобасы талқыланды. Мақаланың жалпы мазмұнын, құрылымын Орталықтың мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлназ Ыбраева таныстырды. Кеңес мүшелері тарапынан мақаланың құрылымдық мазмұны, ғылыми жаңалығы және практикалық құндылығы тұрғысынан нақты ұсыныстар айтылды.

Кеңесте қаралған мәселелер бойынша филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбдірасуллеұлы Орталық ұжымының ізденісінің нәтижесінде қол жеткізіп отырған еңбегінің құндылығын, оның тіл үйретудегі маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінгі ғылыми мәжілісте қаралған мәселелердің барлығы да орынды және өзекті. Бұған дейін де бірнеше мәрте республикалық семинарға қатысып, өз ұсынысымызды айттық. Бүгінде Орталық қызметкерлері әзірлеген әдістемелік құралдарды республиканың әр өңіріндегі тіл оқыту орталықтары оқыту процесіне қолданып отыр. Алдағы уақытта да тұшымды дүниелер дайындап, көпшілікке ұсыну бағытында тынымсыз жұмыс жасалып жатқаны қуантады, - деді ғылыми мәжіліске қатысқан Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары У.Ибраев.

Сондай-ақ, Орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің аға сарапшысы Н.Құдайбергеноваға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатын табыстады.

Кеңеске ұсынылған жобалардың өзектілігін, қазіргі заман талаптарына сай бейімделгендігін ерекше бағалап, олардың тәжірибелік қолданысын арттыру бойынша кеңес мүшелері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Исаева өз ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданып, жобалардың әрі қарай жетілдірілу жолдары мен бағыттары бекітілді.

Тағы да оқыңыз: