Kyzylorda-news.kz Әсілінде жақсы адам туралы естелік жазып, қалам тербеу қандай қиын десеңізші! Оның себебі де бар, қалам суреттеуі тиіс кісінің шынайы болмысын, оны өзгелерден даралайтын Құдай берген ерекше қасиетін, еңбекке деген құлшынысын, туған-туыс, досқа деген шынай қарым-қатынасы, өмірге ықыласын дәл бедерлеп беру қиынның қиыны... Хәкім Абай «Көкейде сайрап тұрған көркем ой ауыздан шығамын дегенше көріксіз күйге түседі» демей ме?! Соның да себі бар. Жалпы өмірде қарапайым, үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын жанға көпшілік үйірсек келеді. Мұндай туа бітті жақсы мінез бекзаттыққа жеткізеді. Сол бекзат болмыс иесі – Файзулла Алданышев.

Мақаланы жазбас бұрын ағамыз жайында көп іздендік. Себебі – өмірден ерте кеткен жас ғұмырдың елге қалдырған жақсылығы көп болғанымен, ол кісі туралы айтушылардың қатары аз. Сондықтан ағамыздың өнегелі өмір жолын, ұстаздық қызметін көзін көрген жақындарынан, шәкіртінен сұрастыра келе мақаламызды білгенімізше толықтырдық.

Файзулла Алпысбайұлы 1943 жылы соғыс дүрбелеңі белең алып тұрған шақта бұрынғы Бозарқаш, қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Ауылда 7 жылдық мектепті оқып, одан кейін Ақжар ауылындағы 10 жылдық мектепті бітірген. Жасынан ел қатарлы еңбекке араласып, кейін аудандағы кәсіптік техникалық училищеге оқуға түседі. Студенттермен бірге Шымкент қаласына мақта теруге барғанда аяғынан сыз өтіп, дертке шалдығады. Қазақшылыққа салынып дәрігерге көрінбегеннен дерті жүрегіне әсер етеді. Араға бір жыл салып Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы институтқа «Тарих-география» факультеті бойынша сырттай оқуға түседі. Оны бітірген соң Тұрмағамбет ауылындағы №29 қазақ орта мектебінде аға пионер вожатый болып жұмыс істейді. Кейін Ақтөбе ауылындағы №109 мектепте бір орын босап, осында тарих-география пәнінен сабақ береді. 1965 жылы ауыл қызы Несібелі Жақанбаевамен отау құрып, Ғазиз, Ғалым, Ғани, Феруза, Жазира есімді 5 бала тәрбиелеп өсіреді.

1969 жылы тамыз айында ауылдық Кеңес атқару комитетінің төрағаларын сайлауы өтіп, Файзулла ағамыз 26 жасында ауылда төраға болып сайланады. Оны он жыл істеп, елге абыройлы атанады. Алайда тағдырдың жазуымен 36 жасында өмірден ерте озады.

Бүгінде Файзулла ағаның көзін көріп, ауылдың топырағын бірге кешіп, сыйлас болып өткен ауыл азаматы Жақсылық Қыпшақбаев ағамыз өз естеліктерін былай бөлісті.

– Файзулламен Ақтөбе ауылында бала кезімізден бірге өстік. Оның менен бір-екі жас кішілігі бар. Бірақ қатар жүргеннен кейін кішілік арамызда білінбеді. Ол бала кезінен мінезі байсалды, тұйық болды. Бірақ қатарласына, жора-жолдастарына кішіпейіл, адамгершілігі мол азамат болып өсті. Әкесі Алпысбай ағамыз бен анасы Кәдіркүл апамыздың тәрбиесі мықты болды десем артық айтқаным емес. Ол кісілер ауылда еңбекшіл шаруа адамдар еді. Кәдіркүл шешеміз сол уақытта ауылдық кеңесте төраға болды. Ал енді Файзулланың адамгершілігін айтсақ, ол біреудің көңілін мүлдем қалдырмайтын. Өтінішпен бара қалсаң «жоқ» деп айтпайды. Қалайда сол адамның жұмысын бірініші бітіруге әрекет жасайтын. Ауылда №109 бастауыш мектепке мұғалім болып жұмыс істеді. Ол жақта шәкірттеріне жақсы ұстаз болды деп айта аламын. Кейіннен ұмытпасам ауылдық Кеңеске төраға болып сайланды. Берілген тапсырмаға өте ыждағаттылықпен қарайтын. Ауылға ауданнан ет, сүт секілді тапсырыстар келетін, соны орындауда алдыңғы қатардан көрініп, ауылдың беделін көтеріп жүрді. Өзінің жүрегі ауыратын науқастығына қарамай жұмысты сүйді. Олай дейтінім, бірде түн ішінде оған мектептің от жағатын қазандығы жарылды деген хабар келеді. Сонда үйінен асығыс жеңіл шығып кеткен екен. Сол екі ортада жүрегі ұстап, жүріп кеткен. Міне, осыған қарап оның қызметке адалдығын, адамгершілігін айта аламын, – дейді ауданның Құрметті азаматы.

Қазақтың ардақты қызы Фариза Оңғарсынова «Ұстазым сенің әр күнің, әр сәтің тұрған бір ерлік» деп ағынан жырлайды. Шынында ұстаз ұрпақтың ғана тәрбиешісі емес, ұлттың да, жұрттың да тәрбиешісі. Кей шәкірттер ата-анасынан ала алмаған тәлім-тәрбиені ұстаз ұлағатынан алатыны анық мәселе. Жақсы сөз – қай кезде де адам мерейін тасытып, көңілге қуаныш сыйлайды емес пе? Файзулла Алданышев ұстаздық еткен уақытта шәкірт болғандардың бірі – Асқар Мереков ағамызда ұстазы жайлы сыр шертті.

– Біз 6-сынып оқып жүргенде Файзулла ағамыз ауылдағы білімді, көзі қарақты жас жігіт еді. Бізге екі жыл сынып жетекшісі болды. Ол кезде мектеп сегіз жылдық қана болатын. Ағайымыз өте сыпайы, балаларға ұрыспайтын. Бірақ жүзі сұсты, бір қарағанда тентек оушыларды көзбен ықтыратын. Былай айтқанда қара тастың да тәртіппен қалануын қалайтын, айтқан сөздері мірдің оғындай, сабырлы да салмақты әр сөзін есеппен сөйлеп, асып саспайтын. Білім дәрежесі өте жоғары, біздерге келешекке азық болатындай ақыл айтып, жақсы жол көрсетіп отыратын. Соның бір парасы – Ақтөбе ауылына кіре берістегі қатар өскен талдарды еккізген осы ағайымыз. Сол кезде «Ертең жігіт болғанда осы талдың арасымен көлеңкелеп жүресіңдер» деп айтып отыратын. Қазір ауылға барған сайын талдарды көріп, марқұм Файзулла ағам еске түседі. Ол кісінің сабақ беруі, киім киюі бөлек, сондай тиянақты еді. Бізде соған ұқсап, еліктеп, мойнымызға галстук тағып жүрдік. Талай жұмысшы топпен Қурайлы каналының басына барғанда бізбен бірге қонатын, біздің деңгейге дейін түсіп оқушы балалармен сөйлесетін. Кейін біз оқуға түскенде Файзулла ағайдың қызметі көтерілгенін естіп, артынан қайғылы хабарында алдық, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Халқымызда «Адам – ісімен мықты, арыстан – күшімен мықты» деген даналық сөз бар. Иә, адал еңбек қашанда өз жемісін, жеңісін берері ақиқат. Таза еңбек пен сыпырылған маңдай терді әуелі халық мойындайды. Файзулла Алпысбайұлы сол еліне, жұртына мойындалған ұмытылмас тұлға. Өмірден өзі ерте өтсе де артында қалған ұрпағы мың жасамақ.

dccbe90c-86f6-4cd3-8b18-a06c5efa837f.jpg

Ерсін СӘДУҰЛЫ 

Тағы да оқыңыз: