Kyzylorda-news.kz.  Көктемнің шуақты күндеріндегі айтулы мерекелердің бірі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні аудан бойынша кең көлемде аталып өткен болатын. Осы орайда аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан ардагерлерімен бірге ақ жаулықты аналардың отбасыларына арнайы барып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың жылы лебізі мен мерекелік сый-сияпатын жеткізді.

Алдымен аудан әкімі Серік Сермағамбетов 98 жастағы 11 баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 60 немере, 20 шөбере мен 10-нан аса шөпшекке ақ жаулықты әже болып отырған  Қаншай Лекерованың үйіне барып, атаулы мерекесімен құттықтады. Каншай Мұқышқызы 1925 жылы 30 желтоқсанда айдынды Арал өлкесінде дүниеге келіп, Қарақұм ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысып, зейнетке шыққан тыл ардагері және көпбалалы ана. 

Аудан басшысы Серік Сағитжанұлы өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан, еңбек адамы атанған анаға аймақ басшысының құттықтауы мен құрметін жеткізді. Батыр ана әрдайым ардагерлерін ардақтап, үлкенге құрмет көрсеткен аймақ басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Мұнан кейін аудан әкімі Күркейді Жиеналиеваны төл мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ғасыр жасаған ана қазір 6 баланы дүниеге әкеліп, 12 немере, 52 шөбере сүйіп отыр. Ұзақ жылдар бойы балық зауытында қызмет етіп, еңбек адамы атанған. Ардагер ана аудан әкіміне өз алғысын білдіріп, батасын беріп, ризашылығын білдірді. 

– Қарттарымыз – қазынамыз. Біз әрдайым Сіздердің еткен еңбектеріңіз бен ел үшін жасаған қызметтеріңізді жадымыздан шығармаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды әрдайым бүгінгі буынға өнеге етіп келеміз. Бүгінгі өздеріңіз арқылы барша ауданның ақ жаулықты аналары мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаудамыз, – деді аудан әкімі Серік Сермағамбетов. 

Арнайы құттықтап келген азаматтарға ризашылығын білдірген ана еліміздің болашағының жарқын болуын тілеп, ашық аспан астында тәуелсіз ел болып өсіп-өркендей беруге тілектестік білдірді.

Тағы да оқыңыз: