Kyzylorda-news.kz.  Қазақстанда 2011 жылдан бастап сәуір айының 15-і Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтіледі. Ел арасында бұл күнді – "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу" күні деп те атайды. 
15-сәуір – Ғашықтар күні, яғни Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне орай Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің және Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өнерлі жанұялардың жұптық фестивалі өткізілді.
Өнерде өзіндік орны бар жұптар сахна төрінде ән-жырдан шашу шашып, мерекенің сәнін келтірді. Нақтырақ айтсақ, фестивалде өнер көрсеткен жұптар Кенттік мәдениет Үйінің директоры Нұрлыбек Сүлейменов жұбайы Гүлнұр Аралбаевамен бірге "Армандайық" әнін орындаса, ұстаздар жанұясы №276 мектептің ұстаздары Ақбаев Қуандық жары Қанатбекова Жанар "Ғашықтарға сәлем" әнін жолдады.
Сондай-ақ, мерейлі, өнерлі отбасы Қазалы қалалық мәдениет Үйінің қызметкері Едіге Айдаров жан-жары, балабақша қызметкері Алқабек Сандуғаш, Басықара ауылындағы Тыныбаев атындағы Қазалы су торабының қызметкерлері Сисен Ғалымжан жұбайы Сазанбаева Жадыра, Жалаңтөс батыр ауылдық клубының қызметкері, жас отбасы Бекжан Нұрман және жары Сапарова Динара, Қорқыт ата атындағы Өнер мектебінің қызметкерлері, жас отбасы Рүстем Шөмекей және Бейекенова Толқын өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Өнер фестивалінде өнер көрсеткен әр жанұяға Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жолтаев Болат Әбенұлының атынан арнайы Алғыс хаттар беріліп, ұйымдастыру тарапынан сый-құрметтер табысталды.

Тағы да оқыңыз: