Kyzylorda-news.kz. Халықаралық жастар күні қарсаңында Қазалы ауданында жалынды жастарға Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығы аясында өткізілетін дәстүрлі IV республикалық Ғани Мұратбаев атындағы сыйлығы табысталды.

Шара күндіз Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты, қазақ поэзиясының жас толқыны, ақын Ақжол Түменбайдың «Ең сұлу гүлі Тәңірдің…» атты шығармашылық кешімен басталды.

Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келіп, талайды талантымен тамсандырған ақиық ақындардың ізбасары, өнер өлкесіне кеңінен қанат жайған қаламгер Ақжол Түменбайға аудан басшысы Мұхтар Оразбаев ақжарма тілегін арнады.

«Бүгін Халықаралық жастар күні аясында шығыстың жарық жұлдызы Ғанидай ұлды өмірге әкелген қасиетті Қазалы ауданында ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі талантты ақын Ақжол Түменбайдың жеке шығармашылық кеші. Ақжол жас болса да поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ойып тұрып орын алатын ерекше дарын иесі. Оның сөзіне жазылған әндерді барлық жас сүйіп тыңдайды десем артық айтқандық емес. Өзінің қатарының алды, қазақ әдебиеті мен өнерінде өз қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан Ақжолмен біз мақтанамыз. Оның әлі талай белестерді бағындырып, шыңдарға жетеріне сенеміз», – деген аудан әкімі ақынға «Алғыс» хат пен сертификат табыстады.

Бұдан соң жер-жерден Қазалыға жиналған жастар Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ғани Мұратбаев және Жанкент ауылдарында болып, ауданның тарихи орындары мен көрікті жерлерін тамашалады.

Кешкілік кент орталығындағы алаңда республикалық Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықты беру салтанаты болды. Бұл сыйлық Қазақстандық патриотизмді арттыруға елеулі үлес қосқан жас дарынды белсенділерді қолдау, Орта Азия мен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың ісі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу, кеңінен насихаттау үшін өткізіліп келеді. Сонымен қатар сыйлық талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.

Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы өз саласында жетістікке жеткен 17 жасқа табысталды. Олардың қатарында қазалылықтар да бар. Атап айтқанда Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіндегі қоғамдық-саяси белсенділігі мен жетістігі үшін Талап Мурзалиев, Қуаныш Сырлыбай, мәдениет пен өнер саласы бойынша Сәкен Кермеш, Бақытбек Макеев, Серікбол Шайхов, әдебиет және журналистика саласынан «Қазалы» газеті редакторының орынбасары Ринат Әбдіқалық және спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген Жандосбек Нәбиев, Самалбек Нысанбаев аталған сыйлыққа лайық деп танылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Астана» опера театрының солисі Алтынбек Әбілда марапат мінберіне көтерілгендерді құттықтап, лебізін арнады.
Мереке гала-концертке ұласып, эстрада жұлдыздары Өмірқұл Айниязов, Нұртуған Жаңабай және ақын Ақжол Түменбай өнер көрсетті.

Орталық алаңда өткен шарадан кейін Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығына ие болғандар еркін форматта бас қосып, өзара пікір алмасты.

Аудандық оқушылар үйінің ауласында өткен шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Дауылбай қатысты.

Айта кетейік, биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 40-тан астам үміткер қатысып, соның ішінде 17 жүйрік лайықты деп танылды.

Тағы да оқыңыз: