Kyzylorda-news.kz. Біздің екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 1939-1945 жылдар аралығындағы ұрпақ көзімізді тырнап ашқаннан десек әбестік болар, мектептің жоғары сыныбында оқыған кітап пен газетке бауыр басқан тұста қолымыздан тастамай жүріп оқитын аптасына бес рет шығатын басылымымыз «Лениншіл жас» еді... Ол заманда «күн көсемнің» атақ-даңқы дүркіреп тұрған. Оның есімі қосарланбайтын дүние ілеуде біреу.
Жастар газетінің мен мұндалап тұратын атауын нақ солайша қабылдадық. Арада жылдар өтіп, талаптанып қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰҮ-нің (бұрынғы ҚазМУ) студенті атандық. Алматы шаһарында да «Лениншіл жаспен» бауыр бастық. Бас оқу ғимаратының іргесіндегі киоскіден таңдап алатынымызда аталған басылым. Ол тұстағы оның таралымы үш жүз мыңнан асып жығылатын. Редакторы сайыпқыран С.Бердіқұлов. Студент ағайынның қайбір жетіскен күні бар дейсің?! Кейде ашқұрсақ күйді бастан өткізсек те «Лениншіл жастан» алатын рухани азығымыз бірыңғай тоқ санататын. Қазақ журналистикасының тарихына ден қойған тұста ұстаздарымыз: профессор Қ.Бекхожин, Т.Амандосов, Т.Қожакеевтің дәрісінен біз сүйіп оқитын басылымның 1921 жылы 21 наурызда Ташкент қаласында жарық көрген әу бастағы атауы «Жас Алаш», ал оның негізін қалаған, қаражатын тапқан, ұйымдастырған, тұңғыш редакторы жастар жетекшісі Ғани Мұратбаев болғанына қанықтық. Жасыратын несі бар, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін қазақ қоғамы, оның тарихы мен әдебиеті жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары саяси аренаға шыққан алаш қайраткерлерімен олардың шығармашылық еңбегіне үрке қарайтын. Өкімет идеологиясы бізге оларды шетінен ұлтшыл, байшыл көзқарастағы жандар деген насихатты тықпалап сіңіріп жатты. Ақыры көзіміз 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің дүмпуімен қанат жайған жариялылық пенқайта құру, бертіндегі (1991ж.Желтоқсан) Тәуелсіздікке қолжеткізген кезеңнен ашылды.
Жазықсыз айыпталған, тіпті, біржолата мансұқталған Алаш қайраткерлері және олармен мұраттас (идеялас) болған тарихи тұлғалардың сол бір сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қаратқан дұшпанкөз замандағы басын бәйгеге тігіп көзсіз ерлікке барған батыл іс-қызметіне жаңаша көзқараспен баға беруге ұмтылып бақтық. Осы ретте 1922 жылы сол тұстағы Түркістан коммунистік Жастар Одағының Орталық комитетінде басшылық қызмет атқарып жүріп, Күншығыс жастарының Ұлт тіліндегі газетін шығару керек деп үндеу тастаған, басшы органдардың келісімін алып қарекет жасаған, оның алғашқы санын Ұлыстың Ұлы күніне орайластырған, құлагер ақын Ілияспен бірлесе отырып, газет арқылы заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс Жастары! деп ұран тастаған, демі таусылғанға дейін сүйікті басылымынан көз жазбаған Ғани Мұратбаев есімі еріксіз ойға оралады. Заманында қазақ халқына кемсітушілік көзқараспен қараған большевиктер партиясы ұлтымыздың оқыған, зиялы қауым өкілдеріне (әсіресе Алаш Орда партиясының көсемдерімен мүшелеріне) алакөздене қарады. Олардың адымын аштырмауға күш салып бақты. Міне, осындай әсіре қызыл, ұр да жық ұстанымы белең алған тұста Ғани заманның ағымына орай жастар қозғалысының (комсомол) басшылық қызметінде жүрсе де, негізінен рухани орталық Ташкентте шоғырланған қазақтың бетке ұстарлары, ыстық қанды, Алашжанды; М.Жұмабаев, М.Әуезов, М.Шоқай, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов сынды арыстармен мұраттас, рухтас болуының арқасында атауынан ат үркетін Алаш ұғымын жастар газетіне темірқазық серік етті. Оның бұл әрекеті билік басындағыларға ұнамағаны рас. Ақыры олар қаражатының тапшылығын желеу етті. «Жас Алаш» атын тұқыртып 1922 жылы енді оны журнал көлеміндегі «Жас Қайрат» деген атпен шығарды. Профессор Б.Кенжебаевтың дерегіне сүйенсек, 1924 жылы Түркістан Республикасындағы комсомолдардың «Жас Қайрат» журналы Қазақстан автономиялық облысындағы комсомолдардың «Жаса Қазақ» журналы мен «Еңбекші қазақ» газетінде «Лениншіл жас» атты бір беті шығып тұрды. Осы күймен 1925 жылға жетті, деп сипаттама береді.
1925 жылдан бастау алған «Лениншіл жас» атауы табаны күректей алпыс алты жылға созылып, басылым тізгінін ақмылтық журналист, әдебиетші ғалым Уәлихан Қалижан ұстаған 1991 жылдың тамыз айының ортасына дейін сақталып, Мәскеудегі дүрбелеңді «Тамыз бүлігі» басылған соң бір түнде үкіметтің ешқандай қаулы-қарарын қажет етпестен ұйым мүшелерімен келісе отырып, байырғы тарихи атауы «Жас Алаш» деп өзгертілді. Осылайша, тарихи әділет қайта орнады. Тәуелсіз Қазақстан жастарының, яғни, жас ұрпақтың республикалық қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газетімен табысқанына да биыл 32 жыл толып отыр. Газеттің Мақтаарал ауданындағы қоғамдық белсенді тілшісі Махамбет Сапармұратовтың өлең тілімен: Сол Ғани жаққан от – жалыны, тоқтамай жүз жыл лауладың! дегеніндей, Ғани жаққан алаудың мәңгілік лаулай беруіне бек тілектеспіз.
Бүгінгідей орайы келген, туғанына 121 жыл толған сәтте айтарымыз, жиырмасыншы ғасырда жетпіс жылдан астам (1917-1925ж.) сол қоғамның орнығуымен қатар қазақ және басқа да түркі тілдес халық жастарының оянып, жолын ашуы бағытында бар күш-жігері мен білімін аямаған, тіпті, өмірін де құрбан еткен Ғани Мұратбаев Алаш қайраткерлері қатарынан көрінетіндей қыруар іс атқарды. Алаш арыстарымен мұраттас болды, Алаш зиялысы атана білді. Бұл ұйғарымымызға оның халқы үшін жасаған жасампаз істері нақтылы дәлел.