Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік экспедиция жұмысын үйлестіру» әлеуметтік жобасы аясында, «Ашық азаматтық қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданында қуғын-сүргін құрбандары жерленген тарихи орындарды анықтау, белгі қою, зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында экспедиция және аудандық жұмысшы топ өкілдеріне арналған семинар өткізілді.
Экспедиция жұмысына саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық жұмысшы топ мүшелері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Оразбақов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы, (PhD) доктор Д.Омаров және Түркістан облысынан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Х.Тұрсын, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент З.Әділбекова, «Дінтану» кафедрасының доценті С.Оразбай қатысты.
Экспедиция мүшелері алдымен Жаңақорған ауданының Бесарық ауылы маңайындағы Байғабыл бауы, Қосым сарай және кент жанында орналасқан Жеті төбе (Секретарь төбе)атты жерлерде ашаршылық құрбандары жерленген орындармен танысып, ауыл ақсақалдарымен пікірлесті. Жұмысшы топ мүшелері тарапынан анықталған аймақтарға арнайы белгі қою, ақпараттық тақта орнату бойынша ұсыныс әзірленетін болды.
Одан әрі, ғалымдар ауданның жұмысшы топ мүшелері, өлкетанушылар, тарихшы ғалымдармен кездесіп ой пікір алмасты.Сондай-ақ, екі өңірдегі облыстық жұмысшы топ тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзара тәжірибелерімен бөлісті.

