Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласына арнайы келген Халықаралық су ресурстарын басқару институтының өкілдері Кахрамон Джумабаев, Зафар Гафуров және Илхом Бабаев Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен кездесіп, халықаралық «Эко-Арал» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен және алдағы уақытта Арал өңірінде су қорларын тиімді пайдалану бағытында атқарылатын жоспарлармен танысты.

Кездесу барысында «Қызылорда» білім тарату орталығына «Эко-Арал» жобасы аясында Қызылорда облысының су-мелиоративтік және басқа цифрлы мәліметтерді қамтитын компьютерлік бағдарламалар енгізілген 2 ноутбук және 3 бағытта жұмыс жасайтын принтер сыйға берілді.

Өз кезегінде күріш институтының басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Әсет Тоқтамысов және «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Байманов Халықаралық су ресурстарын басқару институтының басшылығына алғыс айта отырып, алдағы уақыттада су қорларын тиімді пайдалану технологияларын зерттеп, оны өндіріске енгізу бағағытындағы жобаларды бірлесіп атқаруға ынталы екендіктерін білдірді.

Айта кету керек, күріш институтының ғалымдары өңірімізде қалыптасқан су тапшылығы жағдайында су қорларын тиімді пайдалану технологияларын ендіру бағытында біршама жұмыстар атқаруда.

Осы бағытта институттың білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Байманов ағымдағы жылдың ақпан айында Ташкент қаласындағы Халықаралық су ресурстарын басқару институтында Сыр өңіріндегі егін шарушылығын суғарудың өзекті мәселелерімен және оны шешу бағытында жасалып жатқан шаралармен таныстырып қайтқан болатын. Осы кездесудің нәтижесінде шілде айында, күріш институтының білім тарату орталығында, Германияның GIZ компаниясының қолдауымен, Халықаралық су ресурстарын басқару институтының эксперт-тренерлері өңіріміздегі Қазсушар, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің су шаруашылығы бағытындағы мамандары үшін семинар ұйымдастырған болатын.

Тағы да оқыңыз: