Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Энергия және ресурстарды үнемдеу технологиялары: тәжірибелер мен келешегі» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Ауқымды шараны университет Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. 

Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар қазіргі ғаламдық проблемелар мен ғылыми жаңалықтарды талқыға салды.

Жиында басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова жаһандану дәуірінде адамзат экономикалық, саяси, экологиялық, демографиялық проблемаларға тап болғанын, соның ішінде адамзатты отынмен және энергиямен қамтамасыз ету мәселесі туындағанын атап өтті.

«Жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін энергияның жаңа моделін құру, электр энергиясын өндірудің технологиялық базасын әртараптандыру, энергия тапшылығын азайту және жаһандық экологиялық мәселелерді шешу қажет екені анық. Жаңартылатын энергия көздеріне деген сұраныс үнемі өсіп келеді. 2050 жылға қарай олардың әлемдегі энергетикалық баланс үлесі 35%-ға дейін артады деп болжануда. Бүгінде барлық дамыған елдерде баламалы энергетикаға қатысты бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылуда», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Конференция барысында энергия үнемдеу, энергия тиімділігі және баламалы энергия, энергия мен ресурстарды үнемдеудің экономикалық аспектілері туралы тың мәліметтер айтылды. Сондай-ақ, инновациялық IT технологиялар және технологиялық процестерді модельдеу, агроөнеркәсіптік сектордағы ресурстарды үнемдеу, нанотехнологиялар және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жолдары талқыланды.

Айта кету керек, жыл сайын конференцияға қатысушылардың саны артып келеді. Онлайн және офлайн өткен шараға университет бойынша 160-тан астам профессор-оқытушы қатысты.

Тағы да оқыңыз: