Kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әміреев Ғалым Махмұтбайұлы бірқатар республикалық БАҚ өкілдерімен Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде салынып жатқан 150 орындық клуб құрылысымен танысты.
Қазіргі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысан құрылысын жүргізу барысында және уақытында аяқталуында ешқандай мәселе жоқ. Сонымен қатар Ғалым Махмұтбайұлы кездесуге арнайы келген ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Нақты айтар болсақ, ауыл тұрғындары тарапынан осы клуб құрылысын тоқтатпай аяғына дейін жеткізу, халық санының көбеюіне байланысты жаңа медпункт салу мәселесі, жаңа қоныстануға берілген аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері ұсыныс ретінде берілді. Өз кезегінде Ғалым Махмұтбайұлы берілген ұсыныстарға байланысты сала басшыларына тапсырма беріп өз назарында ұстайтынын жеткізді.
Келесі кезекте халық қалаулысы Белкөл кентінде болып кентте бой көтеріп жатқан темір жол өткеліндегі аспалы көпірдің құрылысымен танысты.
Күре жолдағы көліктердің қалың нөпірін азайту мақсатында көпір салу оңтайлы шешім. Әсіресе, адам өміріне төнетін қауіптің алдын алуда жол кептелісін азайтатын өткелдің маңызы ерекше. Теміржолдың екі жағын жалғап тұрған өткел жүргіншілерге қауіп туғызып тұр. Әсіресе сабаққа қатынайтын балаларға қиындық туғызады. Кентте осы мәселеге орай жолаушылар көпірін салу жайы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы күн кешіп отырған тұрғындардың көпір салынса деген үміті орындалуға таяу.
«Біздің кентте онсыз да жаяу жүргіншілер жолы болған емес. Оған теміржол бойындағы түйткіл қосылып, «жығылғанға жұдырық» болып тұр. Аспалы көпір құрылысын салу ісінің көтерілгеніне бірнеше жыл болды. Әсіресе, балаларымыздың өміріне алаңдаулы күй кешіп отырмыз», – деп кент тұрғындары өз ұсыныстарын айтты.
Айта кетейік, Жобаның жалпы құны 225,2 млн теңгені құрап отыр.
Мұнан кейін Мәжіліс депутаты Қарауылтөбе ауылдық округіндегі 150 орындық клуб құрылысы басында болды.
Қызылорда қаласы бойынша «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған Қарауылтөбе ауылдық округіндегі 150 орындық клуб құрылысының жанынан партиялық бақылау бекеті ашылды.
Партиялық бақылау бекетінің жетекшісі болып қалалық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, Қызылорда қалалық мәслихат депутаты Ердос Әбдісаттаров бекітілді.
Сонымен қатар, ҚР ПМ депутаты Ғалым Махмұтбайұлы, қалалық мәслихат депутаты Ердос Ғаниұлы және партиялық бақылау комиссия мүшелері аталған құрылыс нысанында болып жұмыс барысымен танысты.



