Kyzylorda-news.kz. Қыс мезгілі – биліктің білігі сыналар шақ. Әсіресе, коммуналдық салада кемшілік жіберуге әсте болмайды. Осыған байланысты таяуда аудан әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте аудандық тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымының аяқ алысы туралы әңгімеледі.

Бөлім басшысы жылыту маусымына жоспарланған және атқарылған жұмыстарға тоқталып, биыл және келер жылғы маусымға 134 әлеуметтік нысанның даярланғанын айтты. 

«Аталған нысанның 60-ы білім беру саласына бағытталса, мәдениет пен спорт – 33, денсаулық сақтау саласына – 41 мекеме ғимараттары даярланған. Ал, 134 нысанның 88-і қатты отынмен, 25 нысан көгілдір отынмен, 21 нысан сұйық отынмен қамтылған. Қазіргі таңда өткен жылдан үнемделген сұйық отын 32205 литр, 1873 тонна қатты отын бар. Оның 9200 тоннасы әлеуметтік салаға, 23000 мың тоннасы жеке тұрғындарға қажет. Сондай-ақ, алдағы маусымға жеке тұрғындарға жылдағы қажетті көмірін кәсіпкерлер жеткізуді жоспарлап отыр. Аудан бойынша қатты отын түсіретін 4 темір жол тұйығы бар, оның барлығында таразы орнатылған», – деді Ғабит Аманжолов.

Ғабит Аманжоловтың айтуынша, биыл Бестам, Досбол датқа, Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендеріне газ құбырларын жүргізуге конкурс жарияланып, Еңбекші мен Жиделіарық елді мекендеріне газ құбырларын жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бүгінгі таңда кент бойынша 7016, Ы.Жақаев ауылында – 628, Бидайкөлде – 509, Байсында – 151, Н.Бекежановта – 402, Ш.Қодамановта – 380, Ақмаяда – 225, Алғабаста – 317 тұрғын үй көгілдір отын пайдаланып отыр.

Айта кетейік, Шиелі кентіндегі А.С.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейінің қазандық ғимаратын салуға ҚР Ұлттық қоры есебінен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қазынадан 45млн 930,0 мың теңге қаржы бөлінген.

Тағы да оқыңыз: