Kyzylorda-news.kz Белгілі ирандық геолог, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер кеңесінің мүшесі, геотуризм саласының халықаралық сарапшысы Алиреза Амриказеми Қызылорда облысына іссапармен арнайы келді. 

Халықаралық сарапшы Сыр өңірінің табиғи-геологиялық әлеуетін зерттеуге ниет білдіріп отыр. Осылайша өңірдің геологиялық құрылымын және табиғи орындарын жан-жақты зерделеп, геопарк қалыптастыру мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл аймақтың туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, табиғи мұраны сақтауға және тұрақты туризмді дамытуға тың серпін бермек. 

Сапардың алғашқы күнінде халықаралық сарапшы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде орналасқан ғылыми музейге және заманауи тарихи-өлкетану музейіне барып, қорда сақталған құнды экспонаттармен танысып, аймақтың бай тарихи-мәдени мұрасына жоғары бағасын берді.

Іссапар аясында Алиреза Амриказеми облыс әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлымен кездесіп, өңірде геотуризмді дамыту, халықаралық деңгейдегі геопарк құру мүмкіндіктері және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Айта кету керек, Алиреза Амриказеми – геомұраларды сақтау мен тұрақты туризмді дамыту саласында мол тәжірибесі бар беделді халықаралық сарапшы. Ол әлемнің көптеген елдерінде геопарктерді қалыптастыру және дамыту жобаларына қатысып, кәсіби қауымдастықта жоғары беделге ие.

Іссапар барысында сарапшы Байқоңыр қаласы және Қармақшы, Қазалы аудандарындағы туристік нысандармен танысып, Арал өңірінің табиғи географиялық ерекшеліктерін кеңінен зерттеуді жоспарлап отыр. 

Бұл сапар Сыр өңірінің геотуризм саласындағы әлеуетін арттыруға және оны халықаралық деңгейде танытуға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Геотуризм саласының халықаралық сарапшысы 3.jpg

Тағы да оқыңыз: