Kyzylorda-news.kz Халықаралық «Geopark Aral — аймақтың өсу нүктесі: геомұрадан тұрақты болашаққа» ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында Арал қаласына шетелден және республиканың түкпір-түкпірінен келген делегация мүшелері теңізді өлкенің терең тарихы мен рухани құндылығына қанықты.
«Балықшылар» аллеясы алдынан мәртебелі меймандарды жергілікті жыраулар терме-жырлар мен халық әндерін орындап, қарсы алды.
Делегация тобы алдымен жергілікті және көршілес аудандардың брендтік бұйымдарынан жасақталған көрмені тамашалап, өңірдің экологиялық таза өнімдерімен танысты.
Одан соң, қонақтар Аралдың кешегі тарихынан сыр шертетін, өңірдің ата кәсібі – балықшылықтың көнеден келе жатқан болмысы бейнеленген арнайы қойылымыға куә болды. Өткен күннің естелігі суреттелген спектакль барысында көрермендер де қазанда қайнаған балық сорпасынан дәм татты.
Мұнан кейін, қадірменді қонақтар бес асық, тоғызқұмалақ, садақ ату сынды қазақтың ұлттық спорт ойындарының мәнімен танысыр, тарихы насихатталды.
Бұдан әрі меймандар қазақы нақышпен безендірілген киіз үйлерге кіріп,«Тұсаукесер», «Бесікке бөлеу» салт-дәстүрлері мен ақ жаулықты әжелердің жүн түту, диірмен тарту тәсілдерін тамашалап, қазақ халқының бай этнографиясына терең үңілді.
Киіз үйлер жанында сән мен шеберліктің озық үлгілері бейнеленген ұлттық киімдер және зергерлік бұйымдар көрмесі де зор қызығушылыққа ие болды.
Қонақтар аллеяда орналасқан «Балықшылар» музейіне арнайы ат басын бұрып, теңізбен тағдыры біте қайнасқан өңір халқының тағылымды тағдырымен және құнды жәдігерлермен танысты.
Аралдың өткені мен бүгініне тағзым, болашағына үміт арнаған жергілікті өнерпаздардың рухани-мәдени концерттік бағдарламасы этношараға көркем түйін болды.