Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданының төл басылымы – «Жаңақорған тынысы» газетін асыға күтіп, әрбір мақалаларына зер салып, оқу дағдысын қалыптастырған белсенді оқырманымыздың бірі – Нағима Абдуллаева апамызмен әңгімелесудің сәті түсті. 

– Газет оқу – зиялылық пен білімділік белгісі. Қоғамдағы өзекті мәселелер мен жағымды жаңалықты газеттен оқып отырамын. Елдің алып-қашпа сөзінен гөрі, салмақты ой айтып, ақиқатты айшықтайтын журналистердің еңбегін биік бағалаймын, – деп бастады әңгімесін апамыз.

Сексен бестен асқан ананың ойы зерек, сөзі салмақты екенін аңғардым. – Біз Кеңес дәуірінің адамымыз ғой, газет пен журналда жарық көрген әрбір мақаланы талғаммен оқитын дағды қалыптасқан. Өзім аудандық газеттің «Екпінді» деп аталған жылдарынан бастап, облыстық газеттің «Ленин жолы» деп аталатын кезінен-ақ газеттің тігіндісін сақтап қойып отыратынмын.

– Аудандық төл басылым «Жаңақорған тынысы» менің жүрегімнен орын алған басылым. Әр нөмірін асыға күтемін. Жастық шағымда еңбек жолын бастаған қарашаңырақтың тілекшісімін. Оның үстіне аудандық газеттің баспаханасында әріп теруші едік. Ол кездің тауқыметі өз алдына бір әңгіме. Құттықожа ауылынан ағам Орынбасарға ілесіп жаяу қатынадық. Сол кездегі дағдымен әр газетті оқып ғана қоймай, талдап, әр санын қалт жібермей қаттап келемін. Перзенттерімнің барлығын оқыттым, бір-бір мамандықтың иесі. Осылардың қызметте кәсіби өсіп, ортасында білімділігін байқатуы үшін тың тақырыптар мен көлемді мақалаларды оқуын қадағалаймын. Ауылда дерек іздеген жандар менің газет тігінділерімді парақтап, құнды деректерге құлақ түретіні бар, – деген апа әңгімесін тиянақтап, парақтары сарғайған, әр беті өңір тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерді қолына алып ұзақ ойланып қалды. 

Сәл кідіріп:

«Газеттің әр кезеңінде қаламгерлердің даму деңгейін байқауға болады. Көп газетті қолыма алғанда өзімнің де қызықты жылдарым, алаңсыз сәттерім ойға оралады», – дейді күлімсіреп. 

Тарихы тереңге тартқан газеттің өндірісінде өлшеусіз еңбегі қалған Айдархан Бибасаров, Жақсылық Рахматулла, Адырбек Сопыбеков, Құдайберген Ертасов пен Оразалы Мұсабековтің қолтаңбасы қалған тігінділерді көздің қарашығындай қорыған жанның жанарында қаламгерлерге деген үлкен құрмет жатқанын аңғардым. Әңгіме барысында, Баян Үсейінованың шығармашылық әлеуетін ерекше бағалайтынын әрі әр мақаласын сүйсіне оқитынын білдім. «Қазақ қызы» айдарына іліккен «Жазушының жары», «Ақынның жары”, «Шопанның жары», «Диқанның жары» секілді қазақ әйелдерінің қасиетін сөзбен өрнектеп, қазақтың салт-дәстүрін көпке насихаттап жүрген қуатты қаламгерлігін сөз етті. Бүгінгі ақпараттық салада өз қолтаңбаларын қалдырып жүрген Әли Жарықбаев, Айсұлу Алданазарова, Әсел Рзаева, Жәмила Ермаханның еңбегін атап өтті. 

«Қорғаныш құралдары құбылып тұр», «Сүрбойдақтар салық төлей ме?», «Ұлық Ұлыс: Алтын орда тарихы не дейді?», «Ерлер неге ұсақталып барады?», тағы басқа жас тілшілердің қоғамдағы түйткілді мәселелерге арналған сын мақалалары оқитынын айтты.

– Төл басылымнан аудан жаңалықтарын оқып отырамын. Көпшілігі көзге таныс, көңілге жақын. Мүмкін сондықтан газетке деген құрметіміз кеміген емес. Қаламдарың мұқалмасын, шырақтарым, – деп ақ батасын берді. 

Адамның назары интернетке ауған шақта газет оқуға ынтызар адамдар аз. Кітап пен газет оқырманға ұялы байланыс арқылы таралып жатқан дәуірде газеттің тігіндісін жинайтын жандар азайып бара жатқаны да жасырын емес. Дегенмен, интернет сөнсе ақпарат алмасу тоқтайды. Ал газет тігіндісі өшпейтін мұра. Мұнда талай туындыға жүк боларлық үлкен еңбектер бар. Газет тігіндісі – тағылымды тарих.

Мақпал МАРҚАБАЙ

Фото: “Жаңақорған тынысы” газетінің редакциясы

Тағы да оқыңыз: