Kyzylorda-news.kz. «Горилла ішіп ал да, өзіңді сергек сезін!», «Горилла ішіп, күшті бол!», «Энергетикалық сусындар өн бойыңды сергітеді!» деген жарнамаларды қай жерде болсын көзіміз шалып қалады. Кез келген сауда орындарында бұндай энергетикалық сусынның түр-түрі қаз-қатар тізіліп тұр. Қызық. Бағасы қымбат болса да оған сұраныс жоғары. Ал, анығында атышулы сусыннан болашақ ұрпақтың денсаулығына көл-көсір зиян келуде деп ғалымдар мен дәрігерлер дабыл қаққалы біраз уақыт өтті. Осыны ескерген Еуропаның бірқатар елдері бұл сусындардан бас тарта бастаған. Қазақтар бұл сусынның денсаулыққа зиян екенін біле тұра тұтынуды тоқтатар емес. Сусынның сатылуына ешқандай шектеу қойылмаған. Тіпті, мектеп жасындағыларға да кедергісіз сатылып жатыр.

Соңғы кездері ел арасында «Горилла ішкен екен, содан қайта тұрмапты. Горилланың салдарынан көз жұмыпты» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Мүмкін сондықтан сергіткіш сусынның қауіптілігі қоғамдағы күрделі мәселеге айналып отыр.

Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде оны әлемнің 170-тен астам мемлекеті тұтынады екен. Демек, жаһан жұртын алаңдатып отырған мәселе ортақ. Мамандардың сөзіне сүйенсек, сусында кофеин басым және оның құрамында бетакаротин, креатин, таурин аминқышқылы, глюкоза, матеин, гуарана тропикалық жемісі бар. Енді әрбірінің қасиетіне жеке тоқталсақ. Кофеин жүрек-қан тамыр жүйелерінің жұмысын жақсартады, әсерінен ми жұмысы жеделдейді. Каротин ағзадағы майды қышқылдандырады, нәтижесінде бұлшық ет жиырылып, шаршау бәсеңдейді. Таурин аминқышқылын медицинада жүрек ауруын емдеу үшін қолданады. Бірақ, 0,5 литр энергетикалық сусынға не себепті 1000 мг таурин қышқылы қажет екені түсініксіз. Яғни, қаптамасындағы құрамының өзі түсініксіз. Энергетикалық сусындарға байланысты сұрақ көп. Соның анығын мамандардың өз аузынан естігенді жөн көрдік. Аудандық емхана невропотологы Жанна Искендированың ойын білген едік.

– Қазір үлкендер тұрмақ, жас адамдардың кенеттен жүрек тоқтауынан, инфаркттен көз жұмуы жиілеп кетті. Өйткені бұл сусындардың құрамында қант пен кофеин басымырақ. Қантты адам ағзасын ақырын тұншықтыратын тажалға теңеуге болады. Осындай құрамды сусындар бізде глюкоза мөлшерін шамадан тыс көтеріп жібереді. Енді ойлаңыз, энергетиктерді қайта-қайта бірінен соң бірін ішсең, инсулин гармоны бөлініп үлгере алмайды, жағдай ушығуы мүмкін.
Қазір жастар осы сусынға әуестенгені соншалық сәнге айналып барады. Бірақ оның әсері 3-4 сағатқа ғана созылады. Алынған энергия жоғары процентпен әлсіздік, ұйқы басу немесе керісінше ұйқысыздық, келе-келе ашуланшақтыққа, тіпті депрессияға да ұшырататыны бүгінде дәлелденді. Сол себепті шаршауды, ұйқының бұзылуын энергетикалық сусынмен реттеуге болмайтынын естен шығармау керек. Адам ағзасындағы табиғи энергетикалық қуат нәрлі аспен, уақытылы тынығу, дене шынықтырумен толығады. Оның үстіне энергетикалық сусынның қалқанша бездің ұлғаюына, қызметінің бұзылуына әсері бар. Қалқанша бездің қызметі төмендесе, ақыл-ой тежеледі. Жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Есте сақтау қызметі әлсірейді. Үнемі шаршап тұрады.
Бірінші кезекте бұл сусындарды тұтынуға жас шамасына және денсаулық көрсеткіштеріне байланысты шектеулер қойылған. Соның ішінде бізде 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға рұқсат етілмеген. Өкінішке қарай дүкен сөрелерінде еркін сатылады. 18 емес, оданда жас балалардың тұтыну көрсеткіштері жоғарылап келе жатқандығына алаңдап отырмыз. Мұндай өнімдер тікелей 18 жастағы балаларға және жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, сонымен бірге жүрек қан тамырлары жүйесіндегі ақауы бар адамдарға қолдануға рұқсат етілмейді. Осы жағын аса ескеру қажет. Өкінішке қарай бізде күнделікті өзінің тұтыну құты бір ғана шыныаяқ болса, кейбір жастағы адамдар тұтыну мөлшерінен асырып жібереді. Адам ағзасына ең пайдалы кәдімгі қара су ғой, – дейді маман.

Осы орайда айта кетейік, энергетикалық сусынды пайдалануға қатысты шетелде бірнеше сот ісі болған екен. Ирландиялық спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал, Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Ресейлік мамандар да сусын жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда.

Біздің елімізде де осы энергетикалық сусындарға қатысты мәселені халық қалаулылары мінберлерде көтеріп, Үкіметке қайта-қайта сауал жолдап келе жатыр. Ал, Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері 2013 жылы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулыны бекітті. Қаулыда «орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда энер¬гетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады» деп анық көрсетілген. Бірақ бұл қаулының қаншалықты күшіне енгені, тиісті шаралардың қолданылғаны күмән тудырады.
Сондай-ақ өткен жылы мамыр айында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері құрамында қанты бар сусынға акциз енгізу арқылы бағасын бес жылда 45 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Өйткені олар тәтті шырын жүрек ауруы, қант диабеті мен семіздікке қатысты көрсеткішке кері әсер тигізіп жатыр деген пікірде.

Маманның айтуынша, 2022 жылғы жүргізілген зерт¬теулердің нәтижесінде Қазақстанда тікелей 11 мен 15 жас аралығындағы 42,6 оқушы энергетик сусындарды күнделікті 3 пайыз қолданады. Ал аптасына бірнеше рет қолданатын тұтынушылардың көрсеткіші 17,5 пайызды көрсеткенін атап өтті. Бұл сусындарды көп мөлшерде тұтынған жағдайда осындай жүрек қан тамырлар жүйесі және неврологиялық сипаттағы аурулардың туындау қауіпі жоғарылай түседі, – дейді олар.

Статистикалық көрсеткіш бойынша елімізде құрамында қанты бар сусын шығаратын 431 компания бар. Оның 95 проценті – шағын кәсіпорындар. Бұл ретте алкогольсіз сусын мен шырындар қауымдастығының өкілдері жаңа өзгеріс мақұлданса, сусынның бағасы шарықтайтынын айтады және олар бұл бастамаға түбегейлі қарсылық танытуда. Қазір көпшілік талқысына түскен ұсынысты Қаржы министрлігі жан-жақты қарастырып жатыр.

Еліктіргіш сусынды тек жастар ғана емес, үлкендер де тұтынады. Әсіресе, үнемі жол үстінде жүретін көлік жүргізушілеріне таптырмас сусын екен. Күннің ыстығында тоңазытқыштағы салқын сусынды құмары қанғанша сіміретіндер көбейді. Олар оның зиян екенін біле тұра бас тартпайтыны ойландырады. Жақыны ажал құшқанда немесе ауруға шалдыққаннан кейін ғана өкініп жатады.

Сонымен қатар, газдалған сусындардың арасында кока-коланы көп ішкен еркектердің белсіздік (ұрықсыздық) кеселіне шалдығу қаупі бар. «Кока-кола» компаниясы өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын азық-түлiк қоспасында екен. Әдетте оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, фосфор қышқылы, кофеин, карамель, көмiрқышқылы қосылады деп көрсетiлетiн. Ендi өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ деп елдi сендiруге тырысуда. 

Дегенмен, «кока-коланың» адам ағзасына келтiрер залалы күннен-күнге дәлелденiп отыр. Егер жүргiзiлген тәжiрибелерге сүйенсек, бiр стакан кока-колаға салынған кесек ет бiраз уақыттан кейiн бүрiсiп, кiшiрейiп кетедi екен. Дәрiгерлердiң пайымдауынша, кока-кола, әсiресе, балалардың бас сүйегiне, ойлау қабiлеттерiне орасан зор зиян келтiредi. Жалпы газдалған сусынды мөлшерден тыс пайдалану адам ағзасындағы кальций, темiр секiлдi ең маңызды элементтердi жойып, есесiне құрамындағы есiрткi зат өмiрiңiздi екi есеге қысқартады. Есесiне «кока-коланы» тот басқан заттарды, айғыздалған әйнектi сүртуге пайдалансаңыз, керегiңiзге жарайды. Америкалық денсаулық сақтау орындары «Кока Коланың» рак ауруын туғызуға тікелей «септігін» тигізетінін анықтап отыр. Сусын құрамындағы карамельдің шын мәнінде қоңыр қызыл канцерогендердің қосындысы екені анық болды. Кола өндірушілердің карамель деп жүргені үй жағдайында қантты ерітуден алынатын тәтті емес. «Кока колалық карамель» - аммиак, сульфит және шекерді реакциялау барысында пайда болатын, адам ағзасына зияны орасан сұйықтық. Бұл қосынды бауыр және қалқанша безі рагының өріс алуына жол ашады. «Кока-кола» компаниясы шығаратын 4 өнімде жасанды карамель пайдаланылады. Ал, оның екеуіне аммиак қосылатынын білген Вашингтондық ғалымдар дабыл қағуда. Джон Стит Пембортон деген фармацевт адамға қуат беретін шәрбат ойлап тауып, оған адамды сергітетін кока жапырағын қосқан. Бұл өсімдік көпшілікке «кокаин» деген атпен таныс. Сол уақытта кока жапырағына тыйым салынбаған еді. Уақыт өте келе шәрбат саудаға шығарылады. Есірткіден басқа оның құрамында спирт те болған. Көпшіліктің өтініші бойынша спирт құрамнан алынып тасталып, оның орнына оңтүстікафрикалық «кола» жаңғағының дәмі қосылды. Бірақ сусын тым тәтті болып кетті. Оның дәмін аз да болса кетіру үшін, шәрбатқа су қосуға тура келді. Міне, осылайша Кока-Кола пайда болды.

Коланың сыртындағы жазуды есепші Фрэнк Робинсон ойлап тапқан. 1886 жылы Кока-Кола газдалып сатыла бастады. Пембортонның жаңа кәсібі бірден алға баспаған. Ақша аз түсе бастаған соң, ғалым шәрбат формуласын Аза Кендлер деген кісіге 2000 долларға сатып жібереді. Америка Құрама Штаттарына келген кезінде қалтасында небәрі 1 доллар 75 центі ғана болған Аза Кендлер идеяны жандандырып, «Coca-Cola Company» компаниясының негізін қалайды. 1903 жылы кока жапырағына байланысты қоғамның пікірі өзгеріп, ол құрамнан алынып тасталады. Соңғы статистикаға жүгінсек, Американың ұлттық сусынына айналған Кока-Коланы әлем бойынша бір минуттың ішінде 8000 адам тұтынады. Оның әзірлеу құпиясы жазылған қағаз жеті қат жердің астында сақтаулы.

Жақында әлеуметтік желіде қуаттандырғыш сусыннан зардап шеккен бір жігіттің оқиғасы тарады. Күні бойы компьютердің алдында жұмыс істейтін азамат күн сайын 5-6 құты сергіткіш ішетін көрінеді. Тіпті түскі астың орнын да осы сусын басқан. Салдарынан жүрегі екі рет тоқтап, дем алуы қиындап кеткен. Жазбаны жігіттің әбден қиналып, азаптанғанын көрген ауруханадағы көршісі жариялады. Бұл - энергетик сусынның зиянын дәлелдейтін тағы бір мысал. Бұндай мысалдарды тізбектей берсек өте көп.
Қорыта келе, денім сау болсын десеңіз, энергетикалық сусыннан бас тартқан абзал. Бойға күш те, қуат та беретін табиғи таза су. Ал сіз «Горилланы» дос тұтасыз ба?

Әсел Рзаева

Фото: interiorscafe.ru

Тағы да оқыңыз: