Kyzylorda-news.kz. Кеше Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығында «Бастау бизнес» жобасына оқуға жолдама алу үшін азаматтар жаппай жиналған болатын. Оқиғаның себебін бүгін сала мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен онлайн брифингте түсіндірді.

«Бір мезетте 500-ден астам адам келеді деп күтпедік. Халық көп жиналғандықтан қала әкімдігінің қызметкерлері барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірақ тәртіпке бағынбай, кезектілік сақталмады, санитарлық талап ескерілмеді. Негізгі себеп әлеуметтік желілерде «жолдама бір күн ішінде ғана беріледі» деген жалған ақпарат тараған. Сондықтан халық көп жиналды. Бұл мәселе қала әкімінің назарында. Келеңсіздікке жол бергені үшін қала әкімінің орынбасарынан бастап тиісті мекеме басшылары жауапкершілікке тартылады. Ал кезектілікті сақтамай, таныстарын кіргізгендерге қызметтік тексеріс жүргізіледі. Барлық бейне-бақылау қаралады. Мемлекеттің мүлкіне зиян келтіргендер де жауапсыз қалмайды. Бүгінде жағдай тұрақталды», – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов.

Орталыққа келген азаматтар «Бастау бизнес» жобасына оқу үшін жолдама сұраған. Негізі үміткерлер жұмыспен қамту орталығы арқылы немесе Atameken academy (www.atameken.co) сайтына онлайн тіркеле алады.

«Үміткерлердің мәртебесі тексерілгеннен кейін жолдама тек қағаз жүзінде беріледі. Жобаның аты айтып тұрғандай бұл бизнесті енді бастаушыларға арналған. Ескере кететіні, оқуды аяқтаған соң тест тапсырады. Сәтті өтсе сертификатын алады. Ал қайтарымсыз грантты алу үшін арнайы комиссия алдында жобаны қорғайды. Яғни, оқу курсынан өткеннің барлығы грантты иеленеді деген сөз емес. Ал, грантты алғаннан кейін адам салық және әлеуметтік төлемдерді төлеуі тиіс. Кәсібін арнайы мониторингтік топ жыл бойы тексереді. Мақсатсыз алынған гранттар кері қайтарылады. Мысалы, мониторингтік топтың жұмысының нәтижесінде 54 адамның ісі сотқа беріліп, 5 адам грантын бюджетке қайтарды», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.

Биыл облыста «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2500 адамды оқыту жоспарланған. 6 кезеңге бөліп оқытады. Бірінші легі 26 сәуірде басталады. 21 күнге созылатын оқу онлайн форматта өтеді. Үміткерлерге жолдама беру 19 сәуірде басталды.

«Бірінші лекте 112 азаматты оқытуымыз керек. Бірақ жолдама саны одан еселеп асып кетті. Кеше 112 азамат сайтқа тіркелді. Одан кейін автоматты түрде жабылды. Бірақ біз өзіміздің басшылыққа шығып, бұл сайттың мүмкіндігін қайта аштырып, 250 азаматқа дейін тіркеуге рұқсат алдық. Ал қалғанын журналға жазып жатырмыз. Оларды келесі лекте тіркейміз», – деді Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Тағы да оқыңыз: