Kyzylorda-news.kz. Жаңа Қазақстанның мүмкіндіктеріне жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Жолдау – жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды шешім болып отыр. Президент мемлекеттік және әлеуеті зор әлеуметтік саясатты күшейту жолында ашық та қарқынды жұмыс жүргізуде.

Мемлекет басшысы өз жолдауында Президент мандатын қысқарту және ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде бастама көтерді. Бұл әділетті мемлекетке бастар серпінде қадам деп санаймын. Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нақтылығы елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді.

Елімізде білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға, жастар мен ауыл шаруашылығын қолдауға үлкен қаражат бөлінуде, барлық әлеуметтік төлемдер индекстелуде, зейнетақы қайта қаралуда, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылуда.

Сонымен қатар мемлекет басшысы жолдауда халықты ойландырған келелі, өзекті мәселелерді қамтыды. Бұл су ресурстарының жетіспеушілігі, жол жөндеу, ауылдағы медицинаны дамыту, игерілмеген жерлерді қайтару. Ел игілігі үшін қолға алынған бастамаларды халық қызу қуаттауда. Әділетт і мемлекет құру жолындағы Қазақстан үшін бұл жолдаудың тарихи маңызы өзгеше деп білемін. Зайырлы қоғамда әр азамат өз мемлекетінде еркін өмір сүріп, жайлы тұрмыс кешуі қажет.

Ата заңымызда «Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманың енгізілгенін білеміз.Президент: «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сондықтан мен жариялаған балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау өте маңызды деп санаймын», – деді .

Мемлекет басшысының бұл сөзі халықтың көңілінен шығып, әлеуметтік жағдайдың оңала түсеріне үміт сыйлауда.Балалардың болашағын қамтамасыз ету – мемлекеттің келешегін нығайту болып табылады. Келешекте мемлекетімізде кәмелет жасына толған балаларымыз білім алуға немесе үй салуға өз қаражатын жұмсауға мүмкіндік алады. Мемлекет басшысы өзі бастаған реформалардың халықпен бірге жүзеге асырылуын қалайды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы еліміздің ілгері жылжуына кепіл болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы білім саласына да зор көңіл бөлуде. Президенттің сапалы білім беру туралы мәселелерді қозғауы ұстаздар қауымына зор жауапкершілікті жүктейді. Мұғалімдермен қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, жалақысын көбейту – құптарлық жайт. Жағымды жаңалықтың бірі – жастардың оқуына 2-3%-дық жеңілдікпен несие берілмек. Жоғары білімнің қолжетімділігі өте қажет. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие қарастырылады. Президент алдағы жылы 100 мың жастың жұмыспен қамтылуы қажет екенін жеткізді. Жұмыссыздықты жоюға бағытталған шаралар әсіресе жастарға жігер сыйлады дер едім. Президент жолдауда ерікті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосуды тапсырды. Мемлекет басшысы адамдарға қолайлы жағдай жасаудың барлық жолдарын қарастырып,қаржыландыруды, медицина саласын жақсарта түсуді Үкіметке тапсырды. Мемлекет алдында тұрған мақсат- ел бірлігін сақтау,әлеуметтік ахуалын жақсарту болып отыр.Сонда ғана біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптасады. Тәуелсіз мемлекетімізде әділет салтанат құрғанда халықтың еңсесі биік, тәуелсіздік тұғыры беки түсері сөзсіз.Мемлекет басшысының бұл жолдауы – Отанымыздың дамуы үшін жасалған тарихи қадам деп санаймын. Ел болып жолдаудың жүзеге асуына үн қосып, қолдау білдіру азаматтық борышымыз. Бірлігі бекем, елдігі мығым берекелі қоғамды құруға үлес қосу- біздің парызымыз.

Гауһар Молдабекова, Қызылорда қаласындағы №43 мектептің директоры

Тағы да оқыңыз: