Kyzylorda-news.kz. Сыр өңіріндегі сапары барысында партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев облыстық және қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелерімен арнайы кездесті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев жиында алдымен фракция мүшелерін депутаттық мандаттарымен құттықтады.
«Өздеріңізге белгілі, бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болды. Үміткерлеріміз партиялық тізіммен және мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға түсті. Сайлаушылар қолдауымен «AMANAT» партиясы Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарда басым орындарды иеленді. Депутаттар корпусы біршама жаңарып, жаңа тұлғалар сайланды. Біздің партия үшін мемлекет пен халықтың мүддесі бәрінен биік. Сондықтан ел игілігі жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Кездесу барысында фракция жұмысын жетілдіру, партияның алдағы 5 жылды қамтитын сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ашық ойлар мен келелі ұсыныстар айтылып, депутаттар пікірлерін ортаға салды.
