ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Жалағаш ауданына жұмыс сапары аясында ауданымызда жаңадан ашылған «Руханият» орталығының жұмысымен танысып, ауданның зиялы қауым өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді.
Айта кетейік, былтырдан бері барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілді. Орталықтың тынысымен танысу барысында, ел руханиятына серпін беретін осындай игі бастамаларға сәттілік тілеп, орталық ұжымын ашылуымен құттықтады.
«Мұндай нысандар – халықтың мәдени және рухани өрісін кеңейтетін маңызды орталықтар. Төл құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіруде бұл орталықтың орны ерекше болады деп сенемін», – деді Мархабат Жайымбетов.
Зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында ұлттық құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі, рухани даму мен мәдениет саласын қолдау бағытында ой-пікірлер ортаға салынды. Зиялы қауым ел болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, депутаттардың халықпен кездесуі халықпен ашық әрі нақты байланыс орнатудың көрінісі. Ел мүддесі жолындағы заң жобалары, әлеуметтік саладағы бастамалар мен инфрақұрылымға қатысты түйткілдер жөнінде есеп беру – халық сенімін ақтауға бағытталған игі қадам екенін айтты.
Еркін форматта өткен кездесуде ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері ұсыныс-пікірлерін де жеткізді. Онда зейнет ақы мәселесі, жұмыспен қамту, ауыл инфрақұрылымы секілді маңызды әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады.