Kyzylorda-news.kz Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласына жұмыс сапары аясында Тасбөгет кентінде орналасқан модульді биологиялық тазарту станциясының жұмысымен танысты.
Станция тәулігіне 6,4 мың м³ көлемінде кәріз суларын қабылдайды. Бұл станцияға №1 «Наурыз», №2 «Тасарық» және №39 кәріздік насос станцияларынан кәріз сулар құйылады. Бұл дегеніміз Тасбөгет кентіне жақын орналасқан Астана, СПМК-70 және Сырдария аудандарындағы тұрғын үйлерден шыққан кәріз сулардың осы станцияға жиналуы.
Аталған станция 2013 жылы пайдалануға берілген, қазіргі уақытта тозу деңгейі – 20%. Қызмет көрсетілетін халық саны – 43 575 адамды құрайды.
Санитарлық нормаларға сәйкес, тазарту құрылыстары тұрғын аймақтан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы қажет. Алайда қазіргі жағдайда тұрғын үйлер 180 метрге дейін жақын орналасқан. Бұл да өзекті мәселелердің біріне айналды.
Жағымсыз иістің таралуын болдырмау мақсатында Титов шағын ауданына дейін ұзындығы 23 км болатын кәріз коллекторының құрылысы көзделген. Бұл желіге Белкөл кенті мен Бәйтерек тұрғын аудандарының кәріз сулары да қосылады. Жобаның іске асырылуы 2025 - 2026 жылдарға жоспарланған, жалпы құны – 6,2 млрд теңге.
Аталған жоба жүзеге асқаннан кейін Тасбөгеттегі станция жұмысын тоқтатып барлық кәріз сулары Қызылжарма ауылдық округіндегі қуаттылығы 70,0 мың текше метр биологиялық тазарту станциясына бағытталады.