Kyzylorda-news.kz Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Гүлшат Мұсаева №19 сайлау округіне қарасты №278 IT мектеп-лицейіне арнайы барды.
Халық қалаулысы білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын көзбен көріп, оқу кабинеттері мен зертханалардың жағдайымен танысты. Сонымен бірге мектептің материалдық-техникалық базасына мән беріп, ұстаздар қауымының ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.
Гүлшат Исақызының айтуынша, жас ұрпаққа сапалы білім беру – ел болашағының кепілі. Сондықтан партия әрдайым мектептердің дамуына, мұғалімдердің еңбегін қолдауға, балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келеді.
Осы мақсатта депутат партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Баланы мектепке дайындайық!» акциясына үлес қосты. Акция шеңберінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірқатар оқушыларға оқу құралдары мен мектепке қажетті жабдықтар табысталды.
Бұл игі шара балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, ата-аналардың да алаңын сейілтті. Себебі жаңа оқу жылын толық дайындықпен бастау – әрбір оқушы үшін үлкен ынталандыру, ал ата-ана үшін зор демеу.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі түрде жалғастыра бермек.