Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов қаладағы Орынбор көшесінің бойындағы көппәтерлі үйдің тұрғындарымен кездесті. Оларға көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесіне қатысты енгізіліп жатқан өзгертер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс - пікірлерін тыңдады.

Кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров қатысты.

Жалпы көппәтерлі үй тұрғындары, меншік иелерінің бірлестігі тұрақты түрде көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп отырады. Бірқатар подъезд маңын гүлзарлармен көмкерген. Ендігі кезекте тұрғын үй сапасын жақсарту мақсатында бірқатар сауалдар жолдап, орындалуын сұрауда.

Мәселен, ауыз су сапасы мен қысымының жоғары қабаттарға көтерілмеуі, аулаға бейне бақылау камерасын орнату, аяқ су мәселесі жайлы ұсыныстарын білдірді. Аталған мәселелер бойынша тиісті сала мамандары жауап беріп, мәселелердің кезең - кезеңімен шешілетіндігін жеткізді. Халық қалаулылары аталған ұсыныстардың орындалуын тікелей бақылауға алатындықтарын айтып, жалпы өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға жұмыла қолдау көрсетуге шақырды.

Тағы да оқыңыз: