Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында Пасхалық концерт аясында “Красная горка” мерекесі тойланды. Іс-шараны «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы ұйымдастырды.
Концертке Қазан Құдай Ана Иконасы шіркеуінің бас шіркеу қызметкері, протоиерей Виталий Ивашинин, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері Асылбек Жұмабаев, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, музыкалық жоғары колледж студенттері, мектеп оқушылары мен мұғалімдер, қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараны жүргізушісі «Славяне» орталығы жанындағы «Надежда» жастар тобының жетекшісі Елена Павлова еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлік пен келісімді нығайтудағы рөлін атап өтіп, барлық христиан қауымын Пасха мерекесімен құттықтады.
Құттықтау сөздерден кейін қатысушыларға балалардың театрландырылған қойылымы ұсынылып, өлеңдер оқылып, түрлі этностардың билері орындалды. Сондай-ақ мерекеге арналған блиц-викторина ұйымдастырылды.
Концерт барысында «Сударушки» вокалды тобы мен орталық белсенділері әндер орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Іс-шара соңында орталық төрайымы Галина Щербакова барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Қонақтарға Пасхалық тағамдар ұсынылды.