Kyzylorda-news.kz «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» ұйымдастыруымен 2025 жылдың 15-19 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласында этномедиаторларды даярлау бойынша семинар-тренинг бастау алды.
5 күндік іс-шараның мақсаты – этномедиаторларды даярлау, қақтығыс алдындағы және қақтығыстан кейінгі кезеңдерде сауатты әрекет етуге қабілетті, оларды оқшаулаудың әртүрлі деңгейлеріндегі этномедиаторлар пулын қалыптастыру.
Семинар-тренингте Шымкент қаласы, Түркістан және Қызылорда облыстарынан жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары, «Қоғамдық келісім», этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, медиаторлар және басқада мүдделі тұлағалар қатысады.
Семинардың ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – облыстық Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Артур Қамбаров сөз сөйлеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және даулардың барлығын этномедиация жолымен заң аясында шешуіне тоқталды.
«Ассамблея ширек ғасырдан аса уақыт ішінде елімізде тұратын этностар арасындағы татулық пен бірлікті нығайтуда елеулі рөл атқарды. Бүгінгі таңда өңірімізде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Аймақта қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал тұрақты деңдейде.
Дегенмен, қоғамда орын алатын тұрғындар арасындағы тұрмыстық жанжалды этносаралық дауға ұластырып, қолдан резонанстық мәселелер туындататын фактілердің болуы заңдылық. Біз бұған жол бермеуіміз керек», - деді ол.
Семинарды жүргізуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» Этномедиация Орталығының директоры Луиза Узарова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» Этномедиация Орталығының директоры орынбасары Фарида Мұсатаева арнайы келіп қатысуда.