Kyzylorda-news.kz Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында облыста этномедиация мен медиацияны дамыту бойынша ғылыми және әлеуметтік жобалар байқауы өз жұмысын бастады.
Байқау Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен және Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өтуде.
Іс-шараны ашқан «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова қатысушыларды құттықтап, медиация институтын дамыту мен татуласу мәдениетін қоғамда қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация орталығының төрағасы, психолог-медиатор Жанна Мирамбекқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жобалар қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
Байқаудың басты мақсаты – медиация және этномедиация институттарын насихаттау, соттан тыс татуласу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылады.
Жоба қатысушылары өздерінің ғылыми және әлеуметтік бастамаларын таныстырып, медиация мәдениетін дамытудың жаңа тәсілдері мен тиімді ұсыныстарын ұсынбақ.
