Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиаторлар кеңесінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданы, Шаған ауылында мектеп психологтары мен ауыл тұрғындарына арналған семинар-кездесу өтті.
Шараға «Praktikos» Еуразиялық заңгерлік және медиаторлар одағы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиал директоры, ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің төрағасы, жаттықтырушы, эксперт-медиатор Ж. Мирамбекқызы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, этномедиация орталығының үйлестірушісі Ш. Абдраманова қатысты.
Кездесуде Ж. Мирамбекқызы этномедиацияның қазіргі таңдағы жұмысымен таныстырып, ауыл тұрғындарына оның мүмкіндіктерін түсіндірді. Ол даулы мәселелер орын алған жағдайда құқықтық кеңес берілетінін, қоғамдық кездесулер өткізу арқылы әлеуметтік түйткілдерді шешуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ, медиация барысында тараптар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты сақтаудың маңызы мен отбасылық соттағы өзгерістер және этномедиация саласындағы жаңашылдықтар жөнінде ақпарат берді.
Жиын барысында қатысушыларға құқықтық, әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша кеңестер ұсынылып, этномедиацияның қоғам үшін маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тиісті жауап алды.
