Kyzylorda-news.kz Өмір – қайталанбас сый, ал жастық шақ – сол сыйдың ең асыл сәті. Бірақ осы мөлдір тазалықты «жалған жұмақтың» көлеңкесі – есірткі індеті лайлауда. Бұл жай ғана химиялық зат емес, ол – адамның еркіндігін, ар-намысы мен ертеңін жұтып қоятын тұңғиық.
Неліктен біз қауіпке бас тігеміз? Бір сәттік еліктеудің арты мәңгілік азапқа айналатынын сезіне бермейміз. Есірткі алдымен сенің асқақ арманыңды, сосын анаңның үмітін, соңында адамдық қасиетіңді өлтіреді. Санасы уланған жас – қоғамның тірі өлігі. Бізге рухы сергек, ойы ұшқыр, дені сау жасампаз ұрпақ қана керек.
Меніңше, нағыз еркіндік – ешқандай тәуелділікке бас имеу. Шынайы бақыт химиялық елесте емес, спорттағы жеңісте, білімдегі биікте және жақындарыңның күлкісінде. Біз бабалар аманатын арқалаған ұрпақпыз, сондықтан тағдырымызды көк түтінге байлауға құқығымыз жоқ.
Ей, замандас! Өміріңнің тізгінін уға ұстатпа. Өзіңді сүй, еліңді қадірле! Есірткіге жоқ деп айту бұл нағыз ерлік пен ұлы жеңіс. Болашағың бүгінгі таңдауыңнан басталады. Нұрлы жолды таңда! Ертеңің үшін жауапты болу сенің парызың. Жарық әлемнің қызығын бүлдірме, биікке қанат қақ!
Аружан Рысжанова,
С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп
9-сынып оқушысы
Фото: автордікі
