Kyzylorda-news.kz 2026 жылғы 15 сәуірде «Заң мен Тәртіп» идеологиясын жүйелі түрде ілгерілету шеңберінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облысының Полиция департаменті және Төтенше жағдайлар департаментінің үйлестірілген бірлескен жұмысы нәтижесінде жастар арасында «Есірткіге жол жоқ» атты кең ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара Қызылорда облыстық полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының базасында өткізіліп, оған өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ 300-ге жуық студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға қазіргі заманғы синтетикалық есірткілердің қоғамға тигізетін ауыр зардаптары, олардың заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен қатар, есірткі жарнамасын тарату, интернет-ресурстар арқылы заңсыз ақпарат жариялау, граффити арқылы насихат жүргізу сияқты әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ерекше атап өтілді.

Жастардың құқықтық санасын қалыптастыру мақсатында «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері ақпараттық-түсіндіру материалдарын таратып, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізді.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген жауапты тұлғалар – Комитеттің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Имангалиев Фаркат Талгатович, «Жастар рухы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Баймурза Әсетхан Қалижанұлы және Қызылорда қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Жорбек Медет Ерланұлы жастарды заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Қатысушыларға арнайы бөлімшелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, оның ішінде қару-жарақ түрлері, «ALAN» арнайы автокөліктері таныстырылып, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күдікті тұлғаларды ұстау бойынша оқу-жаттығу көріністері көрсетілді.

Сонымен қатар, қылмыскерлерді анықтау, іздестіру және ұстау барысында қолданылатын заманауи әдістер, кинологиялық қызметтің мүмкіндіктері мен арнайы жедел әрекет ететін жасақтардың үйлесімді жұмысы іс жүзінде көрсетілді.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастарға тек теориялық ақпарат беру емес, құқық қорғау органдарының нақты жұмысын көрсету арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға құрметті арттыру және есірткі қылмысына мүлдем төзбеушілік қалыптастыру.

Қорытындылай келе, Қызылорда облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде және бұл бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіле түсуде. Құзырлы органдар кез келген құқық бұзушылықтың жазасыз қалмайтынын қатаң ескертеді және әрбір азаматты заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.

Тағы да оқыңыз: