Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жастар арасында үнемі есірткіге қарсы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мектеп оқушылары мен студенттер арасында түрлі байқаулар өткізіліп, олардың арасында үздік деп танылғандар Қызылорда облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сый-сияпатына ие болып, дипломдармен марапатталады.
Жасөспірімдер арасында жыл сайын ұйымдастырылатын есірткіге қарсы іс-шарасы биыл да өз жалғасын табуда. Қызылорда облысының оқушылары мен студенттері «Есірткі - зұлым!» ұранымен, #бізесірткігеқарсымыз #мыпротивнаркотиков хештегтерді ұстана отырып, Қызылорда облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған челленджге қатысты.
Жас полиция көмекшілері әзірлеген видеоларында қоғамға зиян келтіретін осы құбылысқа теріс көзқарастарын білдіріп, жас ұрпақты оның ықпалына берілмеуге, осылайша өз өмірін бақытты етуге шақырды.
Челлендж қорытындысы бойынша №2 Арал ауданының мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының оқушысы Гүлжанай Достанова, Қармақшы ауданындағы №185 орта мектебінің оқушысы Ералы Рахман және Ерәулет Жалағаш ауданындағы №118 орта мектебінің оқушысы Ерәулет Сейітжан үздік деп танылды. Челлендж жеңімпаздары сыйлықтармен және дипломмен марапатталады.
Динара МАХАНОВА




