Kyzylorda-news.kz Отан үшін отқа түскен жауынгерлерімізді жыл сайын еске алып, олардың руғына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың басты парызы.

Бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарға қатысушы Кеңес әскері сарбаздарының шығарылғанына 34 жыл толуына орай И. Әбдікәрімов атындағы жоғары аграрлық колледжде тағылымды кездесу өтті.

Қалалық қоғамдық даму бөлімі басшысы Айдын Қайруллаев биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында қала көлемінде ұйымдастырылып жатқан шараларға тоқталып, 150 мың қызылордалық Ұлы Отан соғысы майданына аттанғанын, 30 мыңнан астам жерлестеріміздің майдан даласында ерлікпен қаза тапқанын атап өтті. “Майдангерлердің қатары жыл сайын азайып, бүгінде олардың екеуі – қазалылық Тілеуберген Тобабергенов пен сырдариялық Яхия Тасыров аман-есен арамызда. Осы ардагерлерімізге ұзақ ғұмыр тілей отырып, ерлігіне бас иеміз” деді.

Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларының көрсеткен өжеттігін, ерлігін қайталай білген Қазақстан жауынгерлері 1986–1991 жылдар аралығында Таулы Қарабақ аймағындағы қақтығыстарға қатысып, өз азаматтық борыштарын абыроймен өтеген. Қызылорда қаласынан бұл соғысқа 200-ден астам азамат аттанып, олардың бірқатары жарақат алған, бүгінде 120-ға жуық ардагер арамызда. Олар – өз заманында интернационалдық борышын адал атқарған, от пен оқтың ортасында ерлік көрсеткен нағыз батырлар.

Шара барысында ардагерлер майдангерлер ерліктерін айта отырып, өз естеліктерімен бөлісті. Ерлік пен достықтың, бауырмалдықтың қандай болатынын бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етті. "Қызылорда облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлегенов, Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері Арман Бимағанбетов, Бақытжан Байменов және өзге де кездесуге қатысушылар жастарға өз елін, Отанын қорғау - әр азаматтың қасиетті борышы екендігін түсіндіріп, өмірлік ақыл-кеңестерін берді.

Сонымен қатар, патриоттық өлеңдер оқылып, соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Ардагерлерге алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді. Мұндай шаралар – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ерлік рухын сіңіруге бағытталған маңызды қадам.

Жеңіс 80 жылдық жиын.jpg

Тағы да оқыңыз: