Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар жалғасын табуда.

Мерейтойлық шара «Шығыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысына ұласты.
Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен айтысқа Павлодар, Шымкент, Қызылорда қаласы, Түркістан, Ақтөбе облысы және Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарының ақындары қатысты.

Айтыс додасын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі.

Айтысты жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген 3 дүркін «Алтын домбыра» аламанының жеңімпазы Мұхтар Ниязов жүргізіп, ақындарды көпшілікке таныстырды. Ұлтымыздың ұлылығы мен қара сөздің қасиетін шабытты шумақпен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені аралдық Ержеңіс Әбдиев жеңіп алып, 700 мың теңге табысталды.

Бірінші орынға шымкенттік ақын Біржан Байтуов лайық деп танылса, Атырау қаласынан келген Фариза Жетпісбай мен қазалылық ақын Елнұр Нұрқасым екінші орынды, павлодарлық Рауан Қайдаров пен Түркістан облысынан келген ақын Дәурен Ақсақал үшінші орынды иеленді.
Ал, өзге ақындарға ынталандыру сыйлықтары тарту етілді.

Жеңімпаз бен жүлдегер ақындарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, әділқазылар алқасының төрағасы Әбілқайыр Сыздықов, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров марапаттады.

Тағы да оқыңыз: